Қарағандыда
  • USD 379.75
  • EUR 415.18
  • RUB 5.78
Қала әкімдігінің ресми интернет ресурсы

Объявления

Басты парақОбъявления

Жұмыстың тиімді тәсілдері – ілгерілеу кепілі Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВТІҢ халық алдындағы есебі

31 Қаңтар 2020 18:11

 

Жұмыстың тиімді тәсілдері – ілгерілеу кепілі

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВТІҢ халық алдындағы есебі

 

Қарағанды қаласының атқарушы органдарының қызметінің негізгі векторы    «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам – Ұлт жоспары, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы болып табылады.

Президент «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру туралы жалпы міндет қойды және негізгі 5 басым бағытқа назар аударды.Мемлекет басшысының еліміздің барлық көрінісінің даму жолындағы жеке көзқарасы қоғамда оң пікірлер тапты. Әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру бойынша елдің үдемелі қозғалысының ұсынылған реформаларының нақтылығы мен айқындылығын атап өту қажет. Сонымен қатар, еліміздің азаматтары, қала тұрғындары нені қалайтынын білу өте маңызды және біз барлық мемлекеттік аппарат жұмысының ашықтығы мен айқындылығына жұмыс істейміз. Қарапайым тұрғынның түрлі мемлекеттік органдарға қолжетімділігі қамтамасыз етілуі тиіс. Және де бұл – мәселе емес, ал жұмыс түрі.

Елбасының стратегиялық құжаттарын жүзеге асыруға сүйене отырып, біз Мемлекет басшысы қойған мақсаттарды орындауға кірісуіміз қажет.

Халықпен тиімді кері байланыс маңызды бағыт болып табылады.

Бүгінгі күні қаланың барлық мемлекеттік органдары халықпен әлеуметтік желілер арқылы белсенді жұмыс істеп, жеке блогтар жүргізуде. Тұрғындардың көптеген шағымдары фото-бейне есептермен қоса әлеуметтік желілердегі аккаунттар арқылы қағазға дәстүрлі түрде жүгінулерсіз қарастырылады. Бұл мәселені қарастыру процесін тездетіп, тұрғындарға мәселелерді шешуге белсенді қатысуға мүмкіндік береді.

Биылғы жылы халыққа тағы бір қадам «Open Karaganda» жобасы фронт-офис форматында ашық қызмет көрсету мен электрондық кезек енгізу, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарын орналастыру және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолайлы жағдай жасау арқылы іске қосылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз Жолдауында атқарушы органдардың назарын дамудың негізгі 5 бағыты бойынша қойылған міндеттерді сапалы орындауға аударды. Бұл үшін қалада жеткілікті мүмкіндіктер бар, бұл туралы есептік кезеңдегі қаланың әлеуметтік-экономикалық қорытындылары дәлел бола алады.

2019 жылдың қорытындылары бойынша өнеркәсіп өндірісінің өсуі 2018 жылдың деңгейіне қарағанда 4,7%-ды, негізгі капиталға инвестициялар – 12,6%-ды, құрылыс жұмыстары – 2,7%-ды құрады. Іске қосылған тұрғын үй көлемі 18,7%-ға, бизнес субъектілерінің саны – 2,1%-ға, ШОК субъектілерінің өнім шығару көлемі 1,3%-ға артты.

Қала бюджетінің жеке табысы 2018 жылмен салыстырғанда 15%-ға артты, олар бірінші кезекте әлеуметтік саланы жаңғыртуға және қала тіршілігін сапалы қамтамасыз етуге бағытталған.

Қарағанды қаласының бюджеті 2019 жылы 76,2 млрд. теңгеге жетті, оның ішінде 37,8 млрд. теңге немесе 49,6% әлеуметтік сала объектілерін қаржыландыруға бағытталды. 2020 жылға арналған бюджет 2019 жылдың түзетілген бюджетіне 7% өсумен қалыптастырылды және үш негізгі міндеттерді шешуге бағытталған:

-біріншісі – Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын, сондай-ақ оның жекелеген тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз ету;

-екінші – халықтың өмір сүру сапасын арттыру және өңірді дамыту;

-үшінші – барлық қабылданған әлеуметтік міндеттемелерді орындау.

2019 жылдың желтоқсан айында Қарағанды облыстық мәслихатының сессиясында 2050 жылға арналған Қарағанды қаласының даму Стратегиясы мақұлданды. Қала дамуы Стратегиясындағы басым бағыттардың бірі – жалпы ауданы 1200 гектардан астам Жаңа орталықтың құрылысын салу, ол Оңтүстік-Шығысты Майқұдық ауданымен біріктіруге мүмкіндік береді.

Стратегияны іске асыру нәтижесі тұрғын үй құрылысының өсуін қамтамасыз ету, азаматтардың өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасау, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру болып табылады.

 

Өнеркәсіп

Қала қызметінің дәстүрлі саласы ретінде өнеркәсіп қалуда, онда барлығы 650 шамасында өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмыс істейді. Бүгінгі күні өнеркәсіптегі өңдеу саласының үлесі 68,8% құрайды, ал  тау-кен саласының үлесі шамамен 4% құрайды.

Қаланың оң динамикасы ірі және орта кәсіпорындарының өндіріс көлемінің өсуі есебінен қамтамасыз етілді, 2019 жыл қорытындысы бойынша олардың өндіріс көлемі 249 млрд. 613,8 млн. теңгені немесе 2018 жылдың көрсеткішіне 103,8% құрады. Ол келесі кәсіпорындардың жұмысының нәтижесі: «Сарыарқа Нан Қарағанды» АҚ, «Эфес Қазақстан» ЖК АҚ, «ҚұрылысМет» ЖШС, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС.

Бұдан басқа, өндіріс көлемінің өсуіне өнеркәсіп салаларында жаңа маңызды жобалардың іске қосылуы әсер етті. Атап айтқанда, 2019 жылы шілде айында іске қосылған «YDD Corporation» ЖШС – ферросилиций өндірісінің зауыты 17,0 мың тоннадан астам өнім өндірді, бұл өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын 1,2%, ал металлургия саласын 7,0% арттыруға мүмкіндік берді. Аталған жобамен 450 жұмыс орны құрылды, оның құны –  30 млрд. теңге.

Бұдан басқа, жаңа кәсіпорындарда озық технологиялар белсенді енгізілуде, онда өндірістік үрдістер автоматтандырылуда («YDD Corporation» ЖШС, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС, «Евразиан Фудс» АҚ, «Мэйкер» ЖШС, «Завод Металл Профиль» ЖШС, «Forever Flourishing (Middle Asia) Pty Ltd» ЖШС). Жұмыс істеп тұрған өндірістерде жүргізілетін жаңғыртудың негізгі бағыты Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жолымен еңбек өнімділігін арттыру болып табылады. Нәтижесінде, 2019 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 22,5 млн.тг/адам немесе 2018 жылдың көрсеткішіне 113% (19,9 млн. тг/адам) құрады.

Индустриялық-инновациялық саясатты іске асыру басталғаннан бері қалада 126,2 млрд. теңгеге инвестиция салумен 30 инвестициялық жоба іске асырылды. Өткен жылы «Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинаты» ЖШС макулатураны қайта өңдеу және целлюлоза өндірісін ұйымдастыру бойынша жобасы іске қосылды. Жобаның жалпы құны: 1600 млн.теңге, 200 жұмыс орны құрылды.

Сонымен қатар, Картадан тыс «КазМетиз» ЖШС тұрақтандырылған арматуралық арқандарды өндіру бойынша 1,0 млрд. теңгеден артық сомаға жаңа желі іске қосылды. 2019 жылы Кәсіпкерлікті қолдау картасының іске қосылған жобаларымен 85,7 млрд. теңге сомасына немесе 2018 жылға 101,9% өнім өндірілді. Экономиканың барлық салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2019 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2018 жылғы деңгейге 15,8% өсіммен 138,7 млрд. теңгені құрады.

Бұл ретте салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 78,9% шаруашылық жүргізуші субъектілердің жеке қаражатына тиесілі. Инвестициялардың ең көп көлемі немесе жалпы көлемнің 38,8% өнеркәсіп саласында игерілді.

2020 жылы Кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында сомасы 11,7 млрд. теңгеге, 500 жаңа жұмыс орындары құрылатын 2 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, олар:

- «Qaz Сarbon» ЖШС – 8,7 млрд. теңгеге «Құю өндірісін жаңғырту, байыту фабрикасының құрылысы»;

- «Евразия Инвест LTd» ЖШС 3,0 млрд. теңгеге құрғақ бие сүтін шығару бойынша зауыт құрылысы.

Сонымен қатар, Картадан тыс 3 жоба іске қосылады:

- «FLSmidth» ЖШС – кеңсе, өндірістік бөлімшелері мен қоймалары және т/ж тұйығы бар сервистік-техникалық орталықты іске қосу.

- «Гласир» ЖШС жазу-қағаз бұйымдарын өндіруді кеңейту.

- «Кера-riss» ЖШС металл құрылымдарының өндірісін ұйымдастыру.

Экономиканың нақты секторының негізгі индикаторларының белгіленген өсу қарқыны ағымдағы жылы да сақталады.

Өнеркәсіп өнімінің көлемін 2019 жылмен салыстырғанда 3,8% өсіммен 401,5 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Негізгі капиталға инвестицияның күтілетін көлемі 2019 жылдың көрсеткішіне қарағанда 108,1% өсіммен 150 млрд. теңгені құрайды.

Шағын және орта кәсіпкерлік

Қазіргі уақытта қала экономикасындағы ШОБ үлесі 51% артық, ШОБ-тен түсетін салықтардың меншікті салмағы 50% артық. Кәсіпкерлік саласында 41 мыңнан астам субъект жұмыс істейді, онда 126 мыңнан астам адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. ШОБ субъектілері шығаратын өнімдер мен көрсетілген қызметтердің көлемі 788,3 млрд.теңгені немесе 2018 жылға қарағанда 101,3% құрады. Бөлшек тауар айналымы 774,7 млрд.теңгені құрап, 2018 жылдың тиісті көрсеткішімен салыстырғанда 89 млрд. теңгеге немесе 113% артты.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытудың көрсетілген деңгейіне «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті дамытуды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасының құралдары оң серпін бергенін атап өткен жөн. Бағдарламаны жүзеге асыру басталғаннан бері жалпы сомасы 109,7 млрд. теңгеге қаланың 745 жобасы қолдау тапты, онда 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылды және бюджетке салықтық және басқа да төлемдер ұлғайтылды.

Жұмыспен нәтижелі қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының аясында 2019 жылы 653,6 млн. теңгеге 54 шағын несие берілді. Сондай-ақ, 2019 жылдың 2-ші жартыжылдығынан бастап «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 217 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 8,1 млрд. теңгеге 8 жоба қолдау тапты.

Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде қалада 432 жұмыс орны құрылып, 67 жаңа ШОБ объектілері ашылды. Аталған кәсіпорындармен бюджетке 94,6 млн. теңге салық төлемдері төленді.

Ағымдағы жылы ШОБ дамуының берілген қарқынын сақтау бойынша шаралар қабылданатын болады. Сауда және қызмет көрсету саласында 14 млрд.теңге сомасына 26 объектіні ашу жоспарлануда, онда 591 жұмыс орны құрылады. Бұл көтерме-тарату логистикалық орталығын іске қосу, «Сарай Ділда» мейрамханалық-қонақ үй кешенін, «Оптика үйі» офтальмологиялық орталығын, теннис орталығын, «Keramamarazzi» СҮ, MC-Клиник ЖШС денсаулық клиникаларын, «Еуропа» мейрамханасын және тағы басқаларын ашу.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесі экономикадағы ШОБ үлесін одан әрі арттыру, кәсіпкерлік саласында жұмыссыз халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және қала бюджетіне салық төлемдерін арттыру болады.

Тұрғын үй құрылысы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында бір тұрғынды тұрғын үймен қамтамасыз етуде 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу қажеттігіне баса назар аударған болатын. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш Қарағанды қаласы бойынша бір адамға 24,9 ш.м. құрайды. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй құрылысын қолдау мақсатында мемлекетпен жан-жақты шаралар қабылдануда.

«7-20-25» бағдарламасын іске асыру кезеңінде көптеген қарағандылық отбасылар жекеменшік құрылыс салушылардан тиімді шарттармен жаңа тұрғын үйлерге ие болды, қазіргі күні екінші деңгейдегі банктерде 4,4 млрд. теңге сомасындағы 439 өтініш мақұлданды. Бұдан басқа, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жыл сайын «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында жалдамалы және несиелік тұрғын үйлер беріледі, сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламасымен жеке инвестициялар есебінен тұрғызылатын «Қолайлы үй», «Гүлдер», «Жаңа Степной», «Отау» және тағы басқа тұрғын үй кешендерінен пәтерлер сатып алуға нақты мүмкіндіктер бар.

Бүгінде әлеуметтік тұрғын үй кезегінде 17,7 мың адам тұр, өткен жылы 422 отбасы Жаңа орталықта жаңа пәтерлердің кілттеріне ие болды.

2020 жылға пайдалануға берілетін тұрғын үй санын 432,5 мың ш.м. дейін арттыру одан әрі 2025 жылға 751 мың ш.м. дейін жеткізу жоспарланған. Осыған  байланысты, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 110 мың шаршы метр тұрғын үй салу және 1837 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.  Жеке құрылыс салушылардың инвестициялары есебінен 251,2 мың шаршы метр тұрғын үй немесе бұл – 2 200 пәтер енгізу жоспарлануда, бұл көрсеткіш жыл сайын 20 %-ға өсуде.

Осы бағытта «Трилистник» тұрғын үй кешенінде, Б.Әшімов ықшамауданында 6 үйдің және жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан басқа да тұрғын үй кешендерінің құрылысы белсенді жүргізілуде. Құрылыс салудың жаңа аудандары ретінде Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданы, Майқұдық, Оңтүстік-Шығыс жоспарлау аудандары анықталды.

Жеке тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алуда, ЖТҚ жаппай құрылыс салынатын аудандарға инженерлік коммуникациялар жүргізу бағдарламасын іске асыру шегінде және 2020 жылы 75,5 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу болжануда. 2020 жылға арналған тұрғын үйді іске қосу жоспары коммерциялық тұрғын үй көлемін ұлғайтуға кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлер салу үлесімен шынайы қол жеткіземіз.

 

Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту

Біздің негізгі жұмысымыз Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және оның табысының өсуіне бағытталған. Осы бағдарламаға халықты тарту үшін халық көп жиналатын жерлерде базарда және автовокзалда арнайы ақпараттық пункттер ұйымдастырылып, бос жұмыс орындары мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізілді.

Нәтижесінде өткен жылы тұрақты және уақытша жұмыс орындарына 15 мыңнан астам адам  орналасты, 1130 кәсіби оқудан өтті, 69 адам шағын несие алды, өз ісін ашуға 155 грант берілді.

Жалпы қала бойынша барлық меншік түріндегі кәсіпорындарда 7191 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге мүмкіндік берді.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік көмек көрсету мәселелері ерекше бақылауда тұр. Тек өткен жылы әлеуметтік қорғау шараларымен жалпы сомасы 2,6 млрд. теңгеге 92 298 қала тұрғыны қамтылды. 4 мыңға жуық отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алды, 2,5 мың отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілді, жол жүру үшін 29 мың азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілді, 27 мың адамға мерекелік күндерге біржолғы төлемдер төленді.

Әлеуметтік-қорғалатын халық тобын әлеуметтік қолдаудың түрлерінің бірі «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сертификаттарын беру болып табылады. 2019 жылы 10 отбасы 1 млн. теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификаттарының иегерлері болды және жаңа үйлерден пәтерлер алды. Ағымдағы жылы осы мақсаттарға қалалық бюджеттен 300 млн. теңге қарастырылған.

Ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне өзгерістер енгізілді,  тұрақты жұмыспен қамтылған отбасының еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасылар ала алады. Сонымен қатар, көпбалалы отбасылар үшін төрт балаға 42 496 теңге, бес балаға 53 127, алты балаға 63757, жеті және одан да көп балаға 74 388 теңге мөлшерінде жаңа арнаулы мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларынан 1-6 жас аралығындағы балаларға арналған кепілді әлеуметтік пакет енгізілді.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Оларды жеке көмекшілермен және ымдау тілі мамандарымен және гигиена құралдарымен қамтамасыз ету үшін 1590,9 млн. теңге бөлінді. Мүгедектердің пандустар орнатылған 214 әлеуметтік инфрақұрылым объектісіне қолжетімділігі қамтамасыз етілді, әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді, бұл оларға өздері үшін қажетті қызметтерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

Екі мың жалғыз тұратын зейнеткерлер, азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін 24 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі жұмыс істейді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық жұмыс істейді, онда өткен жылы 191 адам оңалтудан өтті, оның 157-іне тұрмыстық жағдай жасалды, 51 құжат қалпына келтірілді, 51 зейнетақылар мен жәрдемақыларды ресімдеуге көмек көрсетілді.

Жыл сайын Ауған соғысына қатысушыларға және Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюшыларға біржолғы төлемдер жүргізіледі. Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында 4331 ардагерге бір жолғы материалдық көмек көрсетілді, 45 соғыс қатысушысы мен мүгедегіне тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындары өтелді.

 Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу аясында Ұлы Отан соғысының барлық қатысушылары мен мүгедектері 1 миллион теңгеден, тұтқындар, еркін жалданған және қоршаудағы Ленинград тұрғындары 200 мың теңгеден, тыл еңбеккерлері және басқа санаттағы тұлғалар 50 мың теңгеден алады.

Білім беру

Қалада мектептердің, мектепке дейінгі және мектептен тыс білім беру ұйымдарының дамыған желісі жұмыс істейді, олардың 133 мемлекеттік және 64 жекеменшік білім беру мекемелері. Білім беру нысандарында жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жаңа мектептер құрылысына ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы Бауыржан Момышұлы атындағы шағынауданда жаңа мектеп пайдалануға берілді, 23 білім беру ұйымдарында күрделі жөндеу және 14 білім  беру ұйымдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мектепке дейінгі тәрбие мәселелері жүйелі түрде шешілуде. Тек соңғы үш жылда 33 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жалпы, мемлекеттік тапсырыс 52 мектепке дейінгі ұйымдарда орналастырылған, бұл бізге 7 мыңнан астам орын берді, оның ішінде 814-і өткен жылы орналастырылды. Қазіргі күні 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100% қамтамасыз етілді.

Жаңартылған оқулықтарды сатып алуға қала бюджетінен 860 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл қажеттілікті 100%-ға қанағаттандырды.

Оқу үрдісінің барлық кезеңдері сандандырумен қолдау арқылы іске асырылады. Компьютерлік парк 11 мыңнан астам машинаны құрайды, мектептерде интерактивті жабдықтармен 267 химия, физика, биология жаңа модификациядағы кабинеті, ер балалар мен қыздарға арналған 72 жаңа технология кабинеті жабдықталған, 33 мектепте робототехника зертханалары бар, 15 мектепте ІТ-кабинеттері ашылды.

Кәсіптік ойластырылған таңдауға бағытталған білім беруді бейіндеу күшейе түсуде.Тоғызыншы сынып түлектерінің 50%-ы колледждерде оқуды саналы түрде таңдайды, 11 сынып түлектерінің 35%-ы жоғары оқу орындарында оқуға грант алды. Бұл жерде жағымды үрдіс қалыптасқанын байқаймыз.

Инклюзивті білім беру кеңейтілуде. Бұл бағытта 50 мектепте 399 баланы қамтитын 295 сынып ашылды. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті оқыту және тәрбиелеу бойынша мемлекеттік тапсырыс тетігі енгізілді.

Мектептердің жабдықталуының, мұғалімдердің біліктілік деңгейін арттырудың нәтижесі оқыту сапасы көрсеткіштерінің оң динамикасынан байқалады, ол 2019 жылдың қорытындысы бойынша 2018 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 0,3% өскен және 54,6% құрады. Оқушылар мен тәрбиеленушілерді әлеуметтік қолдау мәселелері жүйелі түрде шешілуде.

2019 жылы мектептерде 2,5 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары қатысатын көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін ұзартылған күн топтары ашылды.

Жалпы білім беру қоры есебінен, оқу жылының басында 30 мың теңге көлемінде біржолғы жәрдемақымен және тегін ыстық тамақпен 5200 оқушы қамтылды, 1700 оқушы қала сыртындағы «Салют» лагерінде тегін демалды және 2740 мектеп жанындағы лагерьлерге тегін барды.

Сондай-ақ оқушыларды қосымша біліммен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді. 10 мектептен тыс ұйымдарда 11 мыңнан астам оқушы, мектеп үйірмелері мен секцияларына 30 мыңға жуық бала барады.

Мектептен тыс ұйымдар желісі біртіндеп кеңейіп келеді. Өткен жылдан бастап Оңтүстік-Шығыстағы Балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысы жалғасуда. Білім беру саласындағы қызмет сапасын арттыру бойынша жұмыс ағымдағы жылы да жалғасатын болады.

Денсаулық сақтау

Кез келген адам үшін басты құндылық – денсаулық.

Ұлт Көшбасшысы өз Жолдауында медициналық қызметтердің сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің маңызды компоненті болып табылатындығын және бірінші кезекте алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру керектігін атап өтті. Қалада кепілдендірілген көлем шеңберінде 73 медициналық мекеме, оның ішінде, 25 мемлекеттік, 48 жекеменшік медициналық қызметтерді көрсетеді. Жыл сайын жекеменшік секторы үлесінің артуы есебінен медициналық мекемелердің желілері өсуде, сол себепті, бәсекелестік негізде медициналық қызмет көрсету сапасы артып, олардың қолжетімділігі мен заманауи жабдықталуы қамтамасыз етілуде.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде қалада халықтың денсаулығын сипаттайтын көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Бала туудың өсімі байқалуда (2019 жылы 9,6 мыңнан астам бала дүниеге келді, 2018 жылы 9,5 мың бала дүниеге келді).

Сырқатты ерте анықтау мақсатында медициналық скринингтік тексерулер өткізіледі. Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп салауатты өмір салтын қалыптастыруға және сырқаттың алдын алу туралы халықтың хабардар болуына бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Денсаулық сақтау саласын тұрақыт қаржыландыру, қалада медициналық университеттің және медициналық колледждің орналасуы медициналық кадрлардың келуіне ықпал етеді. Дәрігерлердің саны 3,5%-ға өсті. Орташа медициналық жұмыскерлердің саны 9,4%-ға артты. Медициналық мекемелердің желісі кеңейіп, олардың қолжетімділігі мен заманауи жабдықталуы қамтамасыз етілуде.

2019 жылы Қарағанды қаласының аумағында 6 мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы жүзеге асырылды: Октябрь ауданындағы Пришахтинскте балалар емханасының ашылуы, Октябрь ауданындағы Восток-2 ықшамауданындағы емхананың ашылуы, Михайловка аумағында «Тұлпар» кардиологиялық оңалту орталығының ашылуы, Кривогуз көшесі бойында маммологиялық орталықтың ашылуы, оңалту орталығының аумағында «Луч» қалпына келтіру филиалының ашылуы. Октябрь ауданының 11а шағын ауданында емхана ашылып, жұмыс осы жылдың наурыз айында басталды.

Медициналық қызметтер алуға қадамдық қолжетімділік принциптерін қамтамасыз ету үшін 2020 жылы медициналық мекемелер желісін кеңейту жоспарланған. Ағымдағы жылы Степной-2 ықшамауданында «Керуен» аялдамасының аумағында емхана ашу жоспарлануда. Бұдан басқа, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тағы 3 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл – Карбышев көшесіндегі, Құрылысшылар даңғылындағы және темірбетон аймағындағы үш емхананың құрылысы мен пайдаланылуы. Осыған байланысты осы жобаларға жер учаскелері бөлінген.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, денсаулық сақтау халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушілердің бірлескен жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) көшті. Бұл шаралардың барлығы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына, науқастарға дер кезінде медициналық көмектің уақытылығы мен сапасына оң әсер етеді.

 

Дене шынықтыру және спортты дамыту

Тұрғындарды бұқаралық және кәсіби спортқа тарту мақсатында қалада 859 спорт нысаны, 5,5 мың спорттық секция жұмыс істейді. Өткен жылы 50 астам спорт түрінен, 36 мың адамның қатысуымен 280 жалпықалалық шара өткізілді. Спорт ұйымдарының жаттықтырушылар құрамы белсенді түрде біздің спортшыларды түрлі деңгейдегі жарыстарға, соның ішінде Токиода болатын ХХХІІ жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Түрлі жастағы қала тұрғындарын салауатты өмір салтына баулу мақсатында, қаланың шағынаудандарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Салауатты Қарағанды» мен «Спорт – әр аулаға» фестивальдері өткізіледі. Шахмат, аула футболы мен баскетбол, қазақ күресін дәріптеу мақсатында жобалар жүзеге асырылуда. Осының арқасында қазіргі таңда қалада спортпен белсенді түрде 155 мың адам немесе тұрғындардың жалпы санының 31,4% айналысады.

Жаңа спорт нысандарын іске қосу бойынша жұмыс жалғасуда. Былтыр орталық саябақты қайта салу шеңберінде бұқаралық спорт түрлерімен айналысу үшін 12 спорт алаңы орнатылып, «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілік қаражаты есебінен Пришахтинсктің 23 шағынауданында хоккей корты салынды. «Eurasia Buіlding» ЖШС «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Оңтүстік-Шығыс пен «Көгілдір тоғандар» ықшамаудандары арасында бірегей спорт нысаны – триатлон паркін салу жұмыстарын жалғастыруда.

Ағымдағы жылы қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде Теннис орталығын, 22 шағын ауданда 25-метрлік және балалар бассейні бар ДШСК, үстел теннисі орталығы, қалалық көпқабатты құрылыс аулаларында жауынгерлік өнердің 3 спорт кешенін  іске қосу жоспарланған. Бұл шаралар сапалы түрде кәсіби спортшыларды даярлауға және бұқаралық спортқа 156 мың адамды тартуға мүмкіндік тудырады.

Мәдениет және тілдерді дамыту

Өткен жыл мәдениет саласындағы негізгі іс-шаралар мерейтойлық күндерге арналды. Атап айтсақ, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы, Кеңес Одағының Батырлары Нұркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржановтың 100 жылдығы. Аталымыш іс-шараларды өткізу мемлекетіміздің көрнекті тұлғаларына құрмет көрсетуге мүмкіндік берді. Жалпы 2019 жылы қаланың мәдениет мекемелері мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерге арналған 6 мыңнан астам іс-шара өткізді.

Биылғы жылы барлық қоғамдық-саяси және мәдени іс-шаралар Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталады.

Ішкі саясат және жастар

Ішкі саясат саласында мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам институттарымен тиісті қарым-қатынас орнатылған. Жыл сайын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мақсатында 200 млн. теңгеден аса қаржы бөлініп, олардың басым көпшілігі үкіметтік емес секторды тұрғындардың мәселесін шешу бағытына тартуды көздейді.

Жастар жылы аясында әлеуметтік көмекпен 4959 жас азамат қамтылды. Олардың ішінде 4472 адам жұмыспен қамтылды, 12 адам шағын несие алып, 135 адам өз кәсібін ашуға арналған грантқа ие болды. 26 жас отбасы пәтерлермен қамтамасыз етілген.

Мемлекет басшысы 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Қазіргі уақытта қала деңгейінде Еріктілер штабы құрылып, үш негізгі бағытта жұмыс жүргізіледі. Олар: халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру және өзін-өзі қамтыған, жұмыссыз тұрғындар арасында мемелекеттік қолдау түрлері, кәсіпкерлікпен айналысу мәселелері жөнінде ақпараттық іс-шаралар ұйымдастыру.

 

Қоғамдық қауіпсіздік

«Қазақстан-2050» Стратегиясында Ұлт көшбасшысы: «Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс» деп атап өтті. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс жүргізілуде, жұмыстың сервистік моделіне көшу жалғасуда, қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау және ашу бойынша техникалық құралдарды пайдалана отырып, бейнебақылау жүйесі енгізілді.

Бүгінгі күні жүйеде 4792 бейнекамера жұмыс істейді, олар жедел басқару орталығына шығарылды. Бекітілген жоспарға сәйкес, қалада қоғамдық құрылымдар желісін кеңейту шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні 139 қоғамдық полиция көмекшілері тіркелген.

Азаматтарды профилактикалық жұмысқа тарту құқық тәртібінің жағдайына оң әсер етеді. Қоғамдық көмекшілердің қатысуымен өткен жылы 91 қылмыс ашылып, 958-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Белсенді қатысқаны үшін 84 азамат марапатталды.

2019 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық орындарда қылмыстардың тіркелуі 10,5%-ға  және көшелерде 0,9%-ға төмендеді. Қала жолдарындағы апат саны төмендеді.

 

Қаланы көркейту мәселесі

Қаланы көркейту мәселесі қала шаруашылығы үшін маңызды және жайлы өмір сүру ортасын құруды бағалау көрсеткіші болып табылады. Жалпы алғанда, қаланы көркейту концепциясына сәйкес жүзеге асырылады, бұл – ландшафты көгалдандыруды қалыптастыру, саябақтар мен шағын гүлзарлар құру, шағын сәулеттік нысандарды орнату, тұрғын-үй аулаларын абаттандыру. Жалпы, қалада 781 аула аумағы, 61 гүлзар мен 4 саябақ бар.

Өткен жылы осы бағытта 2 үлкен саябақ абаттандырылды (12 ықшамаудан және «Теміржолшылар» МС аумағында), аулаларды абаттандыруды жалғастыру аясында 100 аула абаттандырылды және демалыс саябақтарының тұрғын үйлерге дейінгі қашықтықта орналасуы үшін 15 шағын саябақ абаттандырылды. Оның аясында келесі жұмыс түрлері орындалды: жүру бөлігіне асфальт төсеу, бүйіртас төсеу, жаяу жүргіншілер жолын төсеу және жарықтандыру бағандарын орнату. Алғаш рет тұрғын аудандардың аумақтарын ретке келтірумен бірге, облыс басшылығының тапсырмасы бойынша жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайтын тротуарлары бар 18 орамаралық жол жөнделді. Ең маңызды жоба болып саналатын Орталық саябақтың Батыс бөлігін абаттандырудың 1 кезеңі аяқталды. Жоба аясында келесі жұмыстар жүргізілді: алаңды көгалдандыру, асфальтбетон жамылғысын төсеу, жолдар мен учаскелерді монтаждау, шаңғы роллерлік жолды, тротуарларды орналастыру, әр түрлі КСФ орнату, жарықтандыру тіректері, спорт алаңдары, өрмелі қабырға, скейтпарк және басқалары орнатылды.

2020 жылы орталық саябақты дамытуды одан әрі жүзеге асыру үшін Орталық саябақтың батыс бөлігін кіші көлден бастап Ермекова көшесіне дейін абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) (құрылыстың 2-3 кезеңі) әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ, қаланың Жаңа орталығын (Оңтүстік-Шығыс) дамыту мақсатында 2019 жылы Республика даңғылындағы (Ұлттық жалау аймағы) саябақты абаттандыру жұмыстары басталды, 2020 жылы аяқтау жоспарлануда. Сонымен бірге, осы жылдың 2-ші кезеңінде 2018 жылы абаттандырылған 100 аулада спорттық және балалар ойын элементтерін орналастыру бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Өткен жылмен салыстырғанда, биыл жалпы ауданы 66 мың м2 және ұзындығы 12,4 км болатын 18 орам ішіндегі жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, онда жолды асфальттау, техникалық тротуар орнату, жарықтандыру тіректерін орнату жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, осы жылы аудан тұрғындары үшін жалпы ұзындығы 20 шақырым 41 көшеде жаяу жүргінші жолдарын жақсартудың жаңа бағдарламасы іске асырылуда, олар білім беру мекемелеріне, әлеуметтік нысандарға және автомобиль жолдарына жанасатын болады.

Жайлы тұрудың маңызды аспектілерінің бірі – жұмыс істейтін лифттердің болуы, бүкіл қалада 1102 лифт бар, оның ішінде қазіргі уақытта 170 лифт жұмыс істемейді, 599 лифт нормалық қызмет ету уақытынан 25 жылға асып кеткен. Аталған мәселені шешу үшін ағымдағы жылы Қарағанды облысы әкімінің тапсырмасы бойынша «ТКШ Жаңғырту» бағдарламасының кері тетіктері арқылы лифтілерді қалпына келтіру жөнінде 2 жылдық бағдарлама әзірленді. Бағдарлама басталғаннан бері 6 лифт орнатылып, 27 лифтте жұмыс басталды. 2020 жылы 100 лифті орнату жоспарланған.

 

Көлік инфрақұрылымын дамыту

Тағы бір маңызды мәселе – өңірлік және қалалық инфрақұрылымды, оның ішінде көлік инфрақұрылымын жүйелі дамыту. Автомобиль жолдарының ұзындығы 982 шақырымды құрайды. 4 көпір, 10 жол өтпесі, 152 бағдаршамдар, 10 мың жол белгілері бар. Өткен жылы қаланың жалпы ұзындығы 571 шақырым (жалпы ұзындығынан 58%) 364 көшесі автокөлік жолдарын күтіп ұстаумен қамтылды. Орташа жөндеумен жалпы ұзындығы 27 шақырым 17 автомобиль жолының учаскелері қамтылды. Жұмыстар №11 ЖОББМ кірме жолы болатын Федоров, Ишимская секторындағы Депутатская, Разрезовская көшелері сияқты учаскелерде жүргізілді, сондай-ақ «Күнгей» шағынауданының 2 автомобиль жолын жөндеу жұмыстары жүргізілді, олар 16-ші маршрутпен қамтылды. Мұқанов көшесінен Приканальная көшесіне дейінгі, жалпы ұзындығы 1,6 шақырым Құрылысшылар даңғылының автомобиль жолын күрделі жөндеу жобасы аяқталды.

«Жаңа орталықты» игеру және қаланың Бас жоспарын іске асыру шеңберінде Приканальная көшесі бойындағы бульвар түріндегі автомобиль жолының құрылысы жалғастырылды. Автожолдың бірінші бөлігі пайдалануға берілді, екінші бөлігі ағымдағы жылы аяқталады. 2019 жылы Тәттімбет көшесінен Республика даңғылына дейін Волочаевская көшесімен автомобиль жолын салу жұмыстары басталды. Бұл жол – жалпы ұзындығы 1,7 шақырым Жаңа орталықтың негізгі артерияларының бірі. Жобада жүру бөлігінен басқа жаяу жүргіншілер тротуарын, велосипед жолдарын, нөсер кәріздерін жайластыру көзделеді. Негізгі жұмыстарды ағымдағы жылы өткізуді жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, Солтүстік өнеркәсіп аймағының 19 өнеркәсіптік кәсіпорындарына кірме жолдарды және «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің республикалық маңызы бар автомобиль жолымен қатынауды қамтамасыз ету үшін 14 шағынауданның автостанциясынан жалпы ұзындығы 5 шақырым «Восточный обход» айналма жолына дейінгі автожол құрылысы басталды. 2019 жылы 134 есептік квартал бойында автокөлік жолының құрылысы басталды, басты мақсаты сауда-логистикалық кешенге тасымалданатын жүк көліктерін М14 тасжолынан түсіру және болашақтағы әлеуметтік маңызы бар объектілердің көлік ағынын реттеу.

2019 жылы өткізу қабілетін арттыру мақсатында М-14-Тәттімбет көшесінің қиылысын қайта құру басталды. Қайта құру нәтижесінде қиылыстың пайдалану жағдайы жақсарады, бұл жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны аяқтау ағымдағы жылға жоспарланған. 2019 жылы Октябрь ауданының ең маңызды объектілерінің бірі – К.Маркс-Магнитогорская көшелерінде автокөлік жолының жүзеге асырылуы басталды, жалпы ұзындығы – 10 шақырым. Жоба аясында бөлу жолағын жайластыру қарастырылған, бірінші рет жолаушылар көлігі қозғалысы үшін қосымша жолақ қолданылған, сыртқы жарықтандыру желілерінің тіректері ауыстырылған, жаяу жүргіншілер тротуарын, тірі қоршауларды жайластыру көзделген, көшенің барлық бойында бірыңғай дизайн код қолданылатын болады. Осы автокөлік жолын жөндеу – ағымдағы жылдың негізгі міндеті. Биылғы жылы ең проблемалы учаскелердегі жұмыстардың негізгі түрлері іске асырылатын болады. Жобаның аяқталуы 2021 жылға жоспарлануда. Сонымен қатар, «Саран тас жолынан Тәттімбет көшесіне дейінгі 7 магистраль автомобиль жолын күрделі жөндеуге» жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленді, транзиттік көлік өтетін негізгі жол ұзақтығы – 8,8 шақырым.

Сондай-ақ, 2019 жылы автокөлік жолдары мен жол өтпелерін салу, қайта құру және күрделі жөндеу бойынша бірқатар жобалар әзірлене бастады. Бұл:

- Букетов көшесінің бойында (Мұқанов көшесінен Үштөбе кентіндегі автожолға дейін) Оңтүстік-Шығыс секторларын қосатын және белсенді салынып жатқан «Күнгей» шағын ауданы артерия болып табылатын автокөлік жолын салу;

-теміржол арқылы қауіпсіздікті және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін Лиговская көшесі бойындағы «Майқұдық-Жаңа Қарағанды» теміржол станциясы ауданында магистральды теміржол арқылы жол өтпесін салу жобасы әзірленетін болады;

- Космонавттар көшесі бойындағы автомобиль жолын қайта жаңарту (Бұқар жырау даңғылынан 7 магистральға дейін);

- Четская және Пичугин көшелеріндегі автомобиль жолдарын күрделі жөндеу;

- «Архитектурный» және «Көлік цехы» жол өтпелерін күрделі жөндеу.

Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша белгіленген шараларды іске асыру автомобиль жолдары үлесінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайда жоспарланған нысаналы индикаторына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Жолаушылар тасымалы және жол қозғалысы қауіпсіздігі

Бұл саладағы міндет –жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін жағдай жасау, сондай-ақ тиісті қызмет көрсету мәдениетін қамтамасыз ету. Қала бойынша барлығы 48 қалалық және 7 қала маңындағы маршруттарда 9 тасымалдаушы көліктік қызмет көрсетеді, орташа алғанда автобустардың жолға шығуы 350-400 бірлікті құрайды. Автобус парктерінің жылжымалы құрамының жалпы саны – 500 бірлік.

Өткен жылы жылжымалы құрамды жаңарту және қалалық маршруттарда қозғалыс кестесін арттыру үшін 79 бірлік сыйымдылығы жоғары жаңа автобустар сатып алынды. Бұл жұмыс ағымдағы жылы жалғастырылып, 200 автобус алу жоспарлануда. Жалпы 2-3 жылда автобус парктерінің барлық жылжымалы құрамын жаңарту жоспарланған.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамдық көлікті пайдаланудың қолайлылығы мен жайлылығы үшін электрондық билеттендіру жүйесі енгізілуде. Қазіргі уақытта жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату жұмыстары аяқталды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында іске қосылатын болады.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы 790 жол белгілері, транзиттік көлік бағытының 40 көрсеткіш белгілері (ҰҚБ)  орнатылды. Қала оқу орындарының жанында 13 жол белгілері кешені, 3 белсенді жаяу жүргіншілер өтпесі орнатылды. Архитектурная көшесі жол өткелінде 2874 қума метр тосқауыл қоршауын (қисық сызықты брус), «Көлік цехы» жол өтпесін және газсыздандыру ТЖП орнату жұмыстары жүргізілді.

Коммуналдық шаруашылықты дамыту

Коммуналдық саладағы басты міндет - тіршілікті қамтамасыз ететін объектілерді жылумен, сумен және электрмен үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету. Осы мақсатта 2019 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен қаланың коммуналдық қызметтері ЖЭО-1, ЖЭО-3 жылу көздеріндегі 4 қазандық пен 2 турбинаны толығымен жөндеуден өткізді, 24 шақырым жылу желілерінің, 38,7 сумен жабдықтау, 7 кәріз желілері және 169 электрмен жабдықтау желілерінің күрделі жөндеуі және реконструкциясы жүзеге асырылды.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы бюджеттік несие беру механизмі арқылы екі өтпелі жоба бойынша жұмыс жүргізіліп, жаңа жоба іске қосылды. Бұл – Чапаев көшесі мен Республика даңғылы бойындағы №5а сорғы станциясы мен М10 магистральдық жылу желілері, 2019 жылы қайта жаңартылған желілердің ұзындығы 2,2 шақырымды құрайды. Бұл бағдарламаны іске асырудың нәтижесі – 253 мың тұтынушыны жылумен жабдықтау сапасын жақсарту немесе жылу шығынын 21,6 мың Гкал төмендету.

2020 жылы жылумен жабдықтау саласында бір жобаны аяқтау (2019 жылдан бастап №5а сорғы станциясымен М10 магистральді жылу желісін қайта құру бойынша өтпелі жоба) және сумен жабдықтау бойынша жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарлануда (Пришахтинск ықшамаудандарын сумен жабдықтау желілерін құру). Бағдарлама аясында 2020 жылы 30,9 шақырымды қайта құру жоспарланған, оның ішінде: жылумен қамтамасыз ету – 2,0 шақырым, сумен жабдықтау – 28,9 шақырым.

Сонымен қатар, ҚР АСТҚ реконструкциялау және салудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру аясында Қарағанды қаласының әкімдігі мен ТКШ ҚазОрталығымен бірлесіп, екі ТЭН жасалынды, олар – Пришахтинск секторында кәрізді тазарту қондырғысының құрылысы және қолданыстағы ағынды суларды тазарту қондырғысын реконструкциялау.

Қарағанды қаласының газ таратушы желілерінің құрылысын салу белгілі жобалардың біріне айналды. Барлығы 1100 шақырым газ құбырын салу жоспарланған.

 

Мемлекеттік қызмет көрсету

Халықпен тиімді кері байланыс – маңызды бағыт. Қаланың барлық мемлекеттік органдары электрондық үкіметті дамыту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелеріне көңіл бөледі. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың және азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне сенімін арттырудың маңызды аспектісі. Есепті кезеңде қаланың атқарушы органдары 85 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 205 831 қызмет көрсетті. Бұдан басқа, тұрғындардың Қарағанды қаласының жергілікті атқарушы органдарының 56 мемлекеттік қызметін Egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алу мүмкіндігі бар. 2019 жылы білім беру саласында 2 әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызмет толығымен автоматтандырылды, ағымдағы жылы тағы 2 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарлануда. Мемлекеттік қызметтерді алудың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету шеңберінде 2019 жылдың желтоқсанында «OPEN KARAGANDA» фронт-офисі жұмыс істей бастады. Фронт-офисте бірыңғай терезе және электрондық кезек арқылы ашық қызмет көрсету қағидалары енгізілген, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орналастырылған және мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді алу үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Бұдан басқа, мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алу, ЭЦҚ және тағы басқаларын алу бойынша тұрақты негізде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Есепті кезеңде қала аудандарында 6 мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өткізілді.

 

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері

Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Бүгінгі күні қаланың атқарушы органдарының басым бағыттарының бірі – азаматтардың сұраныстарына жедел ден қою және өтініштерін уақытылы қарау. Есептік кезеңде қала әкімінің аппаратына 5622 жазбаша өтініш келіп түсті, бұл 2018 жылға қарағанда 10,6%-ға аз. Көп бөлігін немесе 40%-ын сәулет және жерге орналастыру мәселелері, 25%-ын көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері, 13%-ын тұрғын үй беру мәселесіне қатысты өтініштер құрайды.

Қала әкімінің есеп беру кездесулерінің қорытындысымен іс-шаралар жоспары әзірленді және жеке тұлғалардың 22 өтініші орындауға алынды. Бүгінгі күні 14 өтініш орындалды, 8 өтініш – қосымша бақылауда.

Тұрғындардың сұраныстары мен пікірлері әлеуметтік медиа арқылы келіп түседі. Facebook, Instagram, «Telegram» әлеуметтік желілерінде қала тұрғындарының сауалдарына жедел әрекет ету үшін жұмыс ұйымдастырылды. Қаланың барлық мемлекеттік мекемелерінің, коммуналдық кәсіпорын – қызмет көрсетушілердің басшылары әлеуметтік желілерде түрлі мәселелерге қатысты тұрғындардың өтініштерін жедел қадағалайды және оларды шешу шараларын қабылдайды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде жедел өзара іс-қимыл үшін барлық басшылардың телефон номерлері жарияланды. Қаланың ашық әкімдігінің фронт-офисінде күн сайын түрлі мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау жүргізіледі. Халықты консультациялық көмекпен қамту үшін мемлекеттік мекемелер Ашық есік күндерін жүйелі негізде өткізеді

 

Құрметті қарағандылықтар!

Орта мерзімді перспективаға арналған бағдарламалық құжаттарды іске асыру бойынша барлық белгіленген міндеттер осы жылдың жоспарында ескерілген. Экономиканың нақты секторының және бизнесті дамытудың басым міндеттері өнеркәсіптің жаңа 5 жобасын және ШОБ-тің 26 объектісін іске қосуды ескере отырып айқындалған.

Нәтижесінде экономикаға 150 млрд. теңгеден астам инвестиция салынады, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 400 млрд. теңгеге дейін немесе 3,8%-ға ұлғаяды, тек шағын және орта бизнесте 600-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

Тұрғын үй қорын 432 мың шаршы метрге ұлғайту жоспарлануда, бір тұрғынды тұрғын үймен қамтамасыз ету 25 шаршы метрді құрайды.

Коммуналдық шаруашылықта стратегиялық маңызды жобалар – жаңа объектілерді жылуға қосу үшін ЖЭО-3-тен ірі жылу трассасын (22 шақырым) салу, Пришахтинскідегі су таратқышты қайта жаңарту және газдандыру.

Білім беру саласында ағымдағы жылы 30-ықшамауданында 1200 орындық жаңа мектеп іске қосылады, бұл №81 мектепті жеңілдетіп, «Күнгей» ықшамауданының оқушыларын қабылдауға мүмкіндік береді. Майқұдық ауданында 600 орындық мектептің құрылысы басталды, осы бағыттағы келесі кезең – мемлекеттік тапсырысты орналастыра отырып, жекеменшік мектептердің ашылуы. Майқұдық және «Күнгей», «Гүлдер» ықшамаудандарында мектеп салу бойынша бірнеше жоба қарастырылуда. Сондай-ақ, тағы 1000 оқушыны мектептен тыс біліммен қамту үшін Шығармашылық үйінің құрылысын салу жөніндегі жоба әзірленуде.

Спорт саласында «Литейщик» стадионын толықтай қалпына келтіру және «Шахтер» стадионын күрделі жөндеу маңызды жобалар болып табылады, осы шаралар спортпен шұғылданатын халықтың санын арттыруға мүмкіндік береді. 50 метрлік бассейн құрылысын салу жобасын әзірлеу аяқталуда, оның құрылысы ағымдағы жылы басталады.

Автомобиль жолдарын салу, қайта құру және жөндеу жоспарлары абаттандыру бойынша тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі жобалар мен кестеге сәйкес орындалатын болады. Аталған шаралардың барлығы қала халқының әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ағымдағы жылы біздің алдымызға қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің өсуін қамтамасыз ету мақсаттары қойылды, жаңа бағдарламалар мен жобаларды іске асыру басталады. Бүгін біз барлық бағдарламалық құжаттарды орындау, экономиканың үдемелі дамуы нәтижесінде қоғамдық сенім мен келісім, тұрақтылық нығайып келе жатқанын көріп отырмыз. Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты Қарағанды қаласының 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы болады, «инфрақұрылымға адамдар» тренді шеңберінде Жолдаудың барлық басымдықтарын іске асыру бойынша толық ауқымды жұмыс жүргізілетін болады.

Қарағандының орасан зор экономикалық, ғылыми-техникалық және рухани әлеуеті қаланың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарушы органдардың алдында тұрған міндеттерді уақытылы шешуге мүмкіндік береді.

Мен қарағандылықтардың Елбасы мен Мемлекет басшысының қала тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына сенімдімін. Әрқайсыңызды Қарағанды қаласының өркендеуі мен одан әрі дамуына өз үлесін қосуға шақырамын!