Қарағандыда
  • USD 412.10
  • EUR 454.34
  • RUB 5.82
Қала әкімдігінің ресми интернет ресурсы

Ақпарат орталығы

ГлавнаяАқпарат орталығы

    Қарағандыда үш қазақ биіне ескерткіш ашылды

    Қарағандыда қазақтың әйгілі үш биі Төле би, Қазыбек би және Әйтеке биге арналып ескерткіш ашылды.
    Бұл қазақтың бірлігін аңсап өткен үш жүздің төбе билері болған тарихи тұлғаларға арналып орнатылған облыстағы алғашқы мүсіндік композиция болып табылады.Ол облыстық сот ғимаратының алдында орнатылған.


    Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек ескерткіштің ашылуында сөйлеген сөзінде аймағымызда ұлы даланың аты аңызға айналған үш биіне ескерткіштің ашылуы маңызды оқиға екенін атап өтті.


    - Үш бидің есімімен қазақ мемлекеттілігі мен қазақ сот төрелігі негізінің қалануы тығыз байланысты. Бұл ескерткіш сот төрелігінің нышаны ретінде судьяларға Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін еске салып отырады, - деді ол.

    - Тарихымызға қоғам және саяси қайраткерлер ретінде енген үш би тек бітімгер судьялар ғана емес, хандардың кеңесшілері де болып, билердің кеңесін басқарды. Олар бай өмірлік тәжірибесі бар, қазақ халқының тарихын, дәстүрін білетін дана адамдар болды. Әйгілі билеріміздің негізгі міндеті қоғамдағы тұрақтылықты сақтау болып табылды. Біз осы күнге дейін олардың нақыл сөздеріне, өсиеттеріне сүйенеміз, - дейді ескерткіш орнатудың бастамашысы, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов.

    Оның айтуынша, "Үш би" ескерткіші сот сарайының архитектуралық ансамблімен біріктіріліп жоспарланған. Облыстық соттың жаңа ғимараты өткен жылдың қараша айында ашылды. Мүсінді осы жылдың басында жасай бастады,ал орнатуға төрт айға жуық уақыт кетті.
    Ескерткіш Алматыда жасалған. Авторы - халық шебері Жеңіс Еркінұлы.

    Мүсіндік композицияның ашылуына ардагер-судьялар да қатысты. Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін қонақтар облыстық соттың жаңа ғимаратын аралады.

    Сондай-ақ аймақ басшысы азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Алдағы уақытта сот жұмысы сандық технологияларды енгізу арқылы ашық сипатқа ие болады. Карантин кезеңінде соңғы айларда соттар онлайн режимде жұмыс істеп, талап-арыздар мен басқа да құжаттар электронды түрде қабылдануда.