• 4074 барлығы
  • 28 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Қарағанды облысында лифтілер тексерістен өткізіледі

 Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Астана қаласында жиілеп кеткен апаттарға байланысты қаламыздағы лифт шаруашылығына тексеріс жүргізуді тапсырды.
«Менің ойымша, Қарағандыда және облысымыздың басқа да қалаларында жағдай мәз емес. Барлық лифт шаруашылығына тексеріс өткізу қажет. Сонан соң нәтижеге байланысты алдын алу шараларын ұйымдастыру керек. Басқару компанияларымен кездесу, тұрғындармен жиналыс өткізген жөн», - деді аппараттық жиналыста Ерлан Қошанов.
Қала әкімдері мен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының жетекшілері тапсырма алды. Аймақ басшысы екі апта мерзімінде тексеріс нәтижелері жайлы есеп беруді бұйырды.
Облыс әкімі басты назарға адамдардың қауіпсіздігін қоюды талап етті.
«Трансформатор күркелері, су ағатын және кәріз құдықтары адамдардың зардап шегуіне, тіпті қаза болуына апарып соғады. Жеке қабылдауыма келген адамдар шағымданады, менің блогыма жазып жатыр, БАҚ-да материалдар шығып жатыр. Көбіне ол Теміртау мен Қарағанды қалаларына қатысты, - деп атап өті Ерлан Қошанов. - Ең қауіпті жерлерді анықтау қажет. Ашық құдықтар, қараусыз қалған ғимараттар, шұңқырлар, қазаншұңқырлар, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері – барлығын тексеру керек. Сәйкес қызметтер барлығын реттеулері тиіс. Әкімдер, қолға алыңыздар».