• 3853 барлығы
  • 10 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Бесоба елді мекенінің маңындағы көпірдің қирауына көктемгі ағын су себепкер болмаған

 Ол жайында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абайділдә Санаубаров мәлімдеді.
Мамандардың пайымдауынша көпірдің қирауына басқа факторлар себеп болған.
- Ең басты себеп – су емес, осы көпірдің үстімен өтетін ауыр көліктердің салмағы, - деп облыс әкімінің алдында есеп берді Абайділдә Санаубаров. - Қатты күш тиген. Соның салдарынан көпірдің екінші тіреуі толықтай түсіп кеткен. Көктемгі су тасқыны салдарынан пайда болған ақауларды жою бағдарламасы аясында біз жалпы құны 18 млн. теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттарды дайндаймыз. Биылғы жылы біз ЖСҚ толықтай бітіріп, келесі жылдан бастап көпірдің құрылысын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Жобалаушылар жаңа көпірді ескі өткелдің маңында салуды ұсынып отыр. Жаңа көпір салынып біткенше ескісі жұмыс істеп тұрады. Осылайша қосалқы уақытша жол салудың қажеті болмайды.
Аймақ басшысы Ерлан Қошанов көпірдің техникалық мінездемесімен және оны қайта қалпына келтіру жоспарларымен танысып шықты.
«Ынталы-Бесоба-Қызылту» облыстық маңызы бар автожолындағы Байқожа өзенінің үстімен өтетін көпірдің ұзындығы 64 метрді құрайды, 16 метрлік 4 аралықтан құралған. Көпір 1974 жылы салынған. Көктемгі тасқын судың салдарынан көпірдің шкафтық іргелері, өтпелі тақталары бүлініп, екінші аралық тірегі мен конустарын су шайып кеткен. Жаңа көпірдің құрылысына шамамен 480 млн. теңге қажет.
Көктемгі су тасқыны салдарын жою бағдарламасы аясында сонымен қатар Ынталы-Бесоба-Қызылту автожолындағы 4 су ағызу құбырлары ауыстырылмақ. Биылғы жылы көлемі 2х2 метрді құрайтын тюбингтік құбырлар орнатылады. Сондай-ақ Ынталы-Бесоба тас жолын жөндеуден өткізу жоспарланған. Ал Бесоба-Қызылту жол бөлігін үнемі ауыр жүк көліктері жүріп тұратын «Алайғыр» ЖШС-не қарауға берілу мәселесі қарастырылады.
Сонымен қатар облыс әкімі «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» республикалық маңызы бар автожолының Матақ елді мекенінің маңында орналасқан су ағар құбырларын ауыстыру жоспарымен танысты. 2017 жылдың 10-шы наурызынан бастап бұл жоба «Мемлекеттік сараптама» РМК-да қарастыруда.
Бұл жоба құбырларды ауыстырумен қатар бағыттаушы дамба құрылысын қарастырады. Дамбаның биіктігі 1,5 м, ұзындығы 2,6 шақырымды құрайды. Жобаның құны 466,5 млн. теңге.
- Осыған дейін ескі суағар құбырлардан секундына 11,7 текше метр су өтсе, жаңа құбырлар бес есе көп, яғни 62 текше метр ағын суды өткізе алатын болады, - деп облыс әкімінің алдында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды филиалының директоры Қанат Шаймин есеп берді. – Сонымен бірге біз қорғаныс дамбасын салуды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы мердігерлер мен қажетті материалдарды әзірлеп, келесі жылы құрылыс жұмыстарын тәмамдамақпыз.