• 4299 барлығы
  • 23 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Қарағандыда бюджет есебінен 48 мектеп пен балабақшалар жөнделеді

 Қарағандыда әрбір үшінші мемлекеттік білім ұйымында құрылысшылар жұмыс жасауда. Барлығы қала бойынша олардың саны 130, биылғы жылы 48 нысанда толық және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл үшін қалалық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінген.
- Облыс әкімі Ерлан Қошановтың тапсырмасымен қаладағы барлық білім ұйымдарының қажеттіліктері анықталды. Инфрақұрылым мен модернизация мәселелерін кешенді шешу үшін жөндеу және абаттандыру бойынша, сондай-ақ білім ұйымдарының материалдық базасын нығайту үшін арнайы бағдарлама жасалды. Ол кезеңмен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 2 млрд теңгеден астам сомаға жобалық-сметалық құжаттамалар бар. 2018 жылға арналған жобалық-сметалық құжаттама даярлануда,- дейді Қарағанды әкімінің орынбасары Ирина Любарская.
2017 жылы 48 білім ошағын жөндеу үшін қалалық бюджеттен « млрд 268 млн теңге бөлінген. Нысандарды таңдауда өткізілген энергетикалық аудит нәтижелері ескерілді. 25 ұйымға толық жөндеу жұмыстары, ал 23-не ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
- Біз бірінші кезекте назарды шатыр мен аулаға аударамыз. Терезелердің шынылары үш қабатты шыныларға ауыстырылады. Біраз мектептердің жылу жүйесі жөнделеді,- деп түсіндірді Ирина Любарская.
Жөндеу жұмыстары 1-маусымда басталды және 15-тамызда аяқталуы керек. Тапсырыстарды жергілікті құрылысшылар мен еліміздің басқа аймақтарының фирмалары жеңіп алған. Жұмыс сапасын техникалық және авторлық бақылаушылар тексеріп жатыр. Сонымен қатар бақылау жұмыстарына қаланың қоғамдық кеңесі, депутаттар мен ата-аналар комитеттері енген. Қалалық әкімдік пен білім бөлімінің өкілдері нысандар жиі аралап тұрады.
Биылғы жылы бір мектепті жөндеу үшін орта есеппен 26 млн теңге жұмсалады.
Мысалға, Майқұдықтағы №61 жалпы орта білім мектебіне 12,5 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға мектеп шатыры жөнделіп, терезелер ауыстырылады. Пришахтинсктегі №33 мектеп-балабақша кешенін жөндеу үшін 16,8 млн теңге бөлінді. Мұнда жылу жүйесі, дене шынықтыру залы жөнделіп, терезелер мен еден ауыстырылады.
Михайловкадағы №83 мектептің жөндеу жұмыстарына есептеулер бойынша 169 млн теңге қажет. Биыл дене шынықтыру залын жөндеп, жаңа терезелер орнату үшін 67 млн теңге бөлінді. Келер жылы екінші кезең бойынша ғимаратты толығымен жөндеу үшін қалған сома бөлінбек.
Сонымен қатар, Қарағандының бес мектебі (Октябрь ауданындағы №№17, 82, Қазыбек би ауданындағы 23, 66, 101 мектептер) Халықаралық даму және қалпына келтіру банкінен жалпы сомасы 317 млн теңгені құрайтын гранттарға ие болды. Қаржы «Қазақстанда энергияны үнемдеуді жақсарту» жобасы аясында бөлінді. Конкурсты Астанадағы электроэнергетика және энергия үнемдеуді дамыту институты өткізді.
Бұл мектептер энергетикалық аудит қорытындысы бойынша таңдалды. Республика бойынша бөлінген жеті гранттың бесеуі Қарағандыға бұйырды. Шартқа сай шатырға жылу жүргізілуі, ағаш терезелер пластик терезелерге ауыстырылуы, автоматтандырылған жылу бөлімі мен жылуды сақтау жүйесі орнатылуы тиіс.
Мектептерді жабдықтау үшін қалалық бюджеттен 600 млн теңге бөлінді. 2017-2018 оқу жылының басталуына дейін 74 жаңа пәндік кабинет, 16 робототехника лабораториясы жабдықталып, мыңнан аса жаңа компьютер сатып алынбақ.