• 4006 барлығы
  • 21 бір айлық
  • 1 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Ерлан Қошанов жұмыс сапармен туған ауылында болып қайтты

 Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өзі туып өскен С.Сейфуллин атындағы кентте болып қайтты. Ол елді мекендегі әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті ақсақалдар қауымымен және алғашқы ұстаздарымен кездесті.
Аймақ басшысы 1936-шы жылы ашылған «Жарық» станциясының теміржол вокзалының жағдайымен танысып қайтты. Аталмыш нысан 120 адамды сыйдырады. Үш жыл бұрын мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жасалған болатын. Биыл вокзал басшылығы перронды қалпына келтіріп, ғимарат маңайына кеспе тастар төсеуді көздеп отыр.
- Кезінде бұл жерде тамаша перрондар болатын, станцияның өзі де көрікті еді, - деп еске алды облыс әкімі. – Оның барлығын қайта қалпына келтіріп, жан жағын көгалдандырып, қайта қалыпқа келтіру керек. Бұл кенттің орталығы, жанында мәдениет үйі орналасқан. Сондықтан оның барлығын кешенді түрде абаттандырған жөн.
Ерлан Қошанов сондай-ақ 2015-ші жылы «Жұмыспен қамту Жол Картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде ашылған ауылдағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен де танысып қайтты. Бұл медициналық мекеме бір мезгілде 60 науқасты қабылдай алады. Күндізгі стационары, акушерлік-гинекологиялық, терапевтік және стоматологиялық кабинеттері бар. Амбулатория С.Сейфуллин атындағы кенттің 4000-ға жуық тұрғындарына және маңайдағы елді мекен адамдарына қызмет көрсетеді.
Денсаулық сақтаумен қатар кентте білім беру саласына да жіті назар аударылады. Тұрғындарының аздығына қарамастан бұл елді мекенде орта мектеп те, балабақша да бар. Мектепте 30 ноутбукпен жабдықталған компьютерлік сынып, қажетті құралдармен қамтылған химия, физика, биология және технология кабинеттері бар. Оқу ордасында 588 бала тәлім алады.
Кезінде бұл мектепте облыс әкімі Ерлан Қошанов та білім алған. Аймақ басшысы алғашқы ұстаздарымен кездесті.
- Мен математика пәнінен сабақ бердім, сондықтан әрдайым өз оқушыларыма: «Кімде кім математиканы жақсы білсе, әр қадамын есептеуге қабілетті болады. Соның арқасында келешекте биік белестерді бағындыра алады» дейтінмін, - деп еске алды Ерлан Қошановтың сынып жетекшісі Мәрия Қазбекқызы Сәбитова. – Ерлан тәртіпті, озат шәкірт болатын. Сондықтан оның биікке көтерілетінінде еш күмәнім болмаған еді. Бүгінде ол өзінің туған жері, облысы, елі үшін қолынан келгеннің барлығын жасайтынына үміттімін.
Ұстаздарымен және жерлестерімен кездесу барысында облыс әкімі Елбасының қойған міндеттерін орындай отыра, Қарағанды облысының дамуы үшін барлық жағдай жасайтынына уәде берді.