• 4299 барлығы
  • 23 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Ақадырда 70 пәтерлік үй жөнделіп баспанаға кезекте тұрғандарға беріледі

Ақадыр кентінде 285 адам баспана алуға кезекте тұр. Бұл мәселені шешу мақсатында билік өкілдері бос қалған көпқабатты үйді жөндеуді ұйғарған.

2000-шы жылы аталмыш үйге қазандықтан жылу тарату доғарылған соң тұрғындар біртіндеп өз пәтерлерін тастай бастаған. Ғимарат босап қалған. 2007-ші жылы №2 Шет ауданы сотының шешімімен ол иесіз деп табылған.
Сол 2007-ші жылы үй аудандық экономика және қаржы бөлімінің қарауына ауыстырылған. Соңыра ғимарат бірнеше мәрте қалыпқа келтіру шартымен саудаға қойылған. Алайда ниет білдірушілер болмаған.
- Сіздердің ауданда құрылыс көрсеткіштері өте төмен екенін айта кету керек, - деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Шет ауданының активінде. – Соңғы жылдары сіздерде бірде бір үй салынбаған. Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да тек екі нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл өте аз. Ал Ақадыр кентіндегі бос қалған тұрғын үйді қалыпқа келтіруге тоқталар болсақ, мен өзімнің орынбасарларым мен тиісті басқарма басшыларына аталмыш мәселені жылдамдатып шешуді тапсырамын.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Шет ауданында Ақжал кентінде құны 74 миллион теңге болатын 12 пәтерлі үй мен Ақсу-Аюлы кентінде 34 миллион теңгеге 4 пәтерлі таунхаус салыну жоспары бар.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі сондай-ақ Шет ауданындағы жол мәселелеріне үлкен назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.
Ағымдағы жылы ауданға жол жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 660 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа орташа жөндеу өткізіледі. Барлығы Шет ауданына 508 шақырым жол тиесілі. Оның жартысы биыл жөнделсе, қалғанына келесі жылы бюджеттен бір миллиардтан астам қаржы бөлінбек.
Актив отырысында Шет ауданы ақсақалдар кеңесінің мүшелері жөнделіп жатқан жолдардың сапасы жіті қадағаланса екен деген тілек білдірді. Бұл ретте облыс әкімі ол үшін арнайы комиссия құрып, оның құрамына ардагер-жол жөндеушілер, аудандық мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелерін енгізуді ұсынды.