• 4299 барлығы
  • 23 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Ерлан Қошанов Қарағандыда газет дүңгіршектерін қайта орнатуды тапсырды

 Қала көшелеріндегі осыдан бірнеше жыл бұрын алып тасталған газет дүңгіршектері қайтадан өз орындарына оралады. Ол жайында облыс әкімінің және қарағандылық баспасөз басылымдары басшыларының қатысуымен өткен жиналыс барысында талқыланды.
Мерзімді баспасөз өнімдерін сататын үлгілік павильондар автобус аялдамалары мен халық көп жүретін жерлерде орналастырылатын болады. Жалпы жоспар бойынша Қарағандыда 110 дүңгіршек қойылады.
- Біз арнайы механизм құрдық, - деп түсіндірді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров. – Ол бес жылдық мерзімге жалға беру құқығымен жер учаскілерін сату аукциондарын өткізу. Бес жер телімі сатылды. Бір шаршы метр жерді жалға беру құны 2200 теңгені құрайды. Жер телімдерінің аудандары – 9-дан 18 шаршы метрге дейін болады.
Барлық дүңгіршектер үлгілік жобаға сай болулары керек. Бір осындай дүңгіршекті орнату үшін шамамен екі миллион теңге қажет. Оларды коммуникацияларға қосу үшін қосымша жеті жүз мың теңгедей қаражат керек.
Жеке меншік кәсіпкерлер әзірге мұндай сомадан шошып отыр. «Аrna Press» компаниясының өкілі Елена Радченко бұл жер телімдерін сатып алуға немесе жалдауға дайын кәсіпкерлер міндетті түрде бірдей дүңгіршектер алу керектігін білмеді дейді.
- Үлгілі павильондарды сатып алатын болсақ, сома қомақты болайын деп тұр, - дейді ол. – Біз ол шығындарымызды өтей аламыз ба, жоқ па, оған сенім жоқ. Сондай-ақ ол нысандарды электр желісіне қосу өте қиын: ауа бойынша рұқсат етілмейді, ал кабельдерді жер астымен өткізу күрделі әрі қымбат. Ол үшін асфальтті бұзып, қайта жасау үшін қыруар қаражат қажет.
Бұл проблеманы шешу үшін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов мамандарға үлгілік павильондардың құнын төмендетуге мүмкіндік беретін жаңа жоба құруды тапсырды. Сонымен қатар аукционға шығарылған жер телімдерінің трансформаторлық бекеттерге жақын орналасуын ойластыруды ұсынды. Сонымен қатар кәсіпкерлер өз шығындарын өтей алу үшін ол дүңгіршектерде тек баспасөз өнімдерін ғана емес, сондай-ақ кітаптар және халық тұтынатын тауарлар сатуға рұқсат етіледі.