• 4142 барлығы
  • 25 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Ерлан Қошанов Ақтоғай ауданындағы ауыл шаруашылығының дамуына көңілі толмайтынын білдірді

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жұмыс сапармен Ақтоғай ауданында болып қайтты. Ол аймақтың дамуымен және келешекке жоспарларымен танысты. Сапар нәтижесінде облыс әкімі аудан басшыларына сын айтып, жұмыстарын жақсартуды талап етті.

Жыл басынан бері Ақтоғай ауданында 5,1 млрд теңгеге ауылшаруашылық өнімдері өндірілген. Бұл облыс бойынша ең төменгі көрсеткіш. Аймақта негізгі бағыт мал шаруашылығы болғанына қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда мас басының төмендеуі байқалған.
Облыс басшылығы ауылшаруашылық кооперативтерінің жұмысына наразылық білдірді. Бес кооператив мыңнан астам ірі қара малын алған, алайда осы күнге дейін ет және сүт өнімдерін өндірмеген екен. Жоспар бойынша бұл бірлестіктер 119 тонна ет және 200 тонна сүт тапсырулары керек болатын.
Аудандағы техникалық жабдықталуды да облыс әкімі жеткіліксіз деді. Биылғы жылы жергілікті өнім өндірушілер небәрі 65,7 млн теңгеге ауылшаруашылық техникасын сатып алған екен, ол облыстың осы саладағы көрсеткішінің бар болғаны 2%-ын құраған.
Жыл басынан бері аудандағы барлық ауылшаруашылық субъектілерінің тек 8%-ы ғана субсидия ретінде мемлекеттік көмек алған.
- Аудан бойынша 3 млн гектарға жуық жер игерілмей жатыр. Оның 6,6 мың га егістік болса, 2,3 млн суармалы жерлер, - деп мәлімдеді аудан активі барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров. – Соңғы үш жылда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда бірде бір ауылшаруашылық алқап жұмылдырылмаған.
Дегенмен ауданда оң өзгерістер де бар. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында «Тәттібек» шаруа қожалығында болып қайтты. Осыдан екі жыл бұрын оның басшысы Берікбол Исабаев қаладан Жалаңаш ауылына көшіп келіп бордақылау алаңын ашқан. Жобаның құны – 8 млн теңге. Кәсіпкер 10 сиырдан бастап, қазіргі уақытта мал басын 136 ірі қара, 19 жылқыға дейін өсірген. Берікбол Исабаев алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін жуырда білген мемлекеттік қолдауға сүйенбек.
- Бұл дегеніміз ауданда түсіндіру жұмыстары бәсең жүріп жатқанын көрсетеді, - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. – Адамдарға мемлекеттік қолдауды қалай алуға болатынын, қандай механизмдер бар екенін дұрыстап түсіндіру қажет. Ауданды дамыту керек. Мен бүгін жергілікті халықтың жағдайы жақсы екеніне көзім жетті. Алайда онымен тоқтап қалу дұрыс емес, әрі қарай даму қажет. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз де, жерлеріңіз де мол. Сондықтан жұмыс істеңіздер. Біз болсақ өз тарапымыздан көмек көрсетуге дайынбыз.
Аймақ басшысы өзінің орынбасарларына Ақтоғай ауданының даму бағдарламасының жүзеге асырылуын жіті назарға алуды тапсырды.