• 4142 барлығы
  • 25 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Шет елдік туристер Қарағанды облысына қазақ халқының тұрмысымен танысу үшін келеді

 Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жұмыс сапары барысында Ақтоғай ауданындағы экотуризмнің дамуымен танысты. Ол биылғы жылы 50-ге жуық шет ел азаматтарын қарсы алған «Сұлу тас» қонақ үйінде болып қайтты.

Шабанбай би ауылының тұрғыны Асқар Мұратов осыдан үш жыл бұрын 10 адамға шақталған ұлттық нақыштағы қонақ үй ашқан. Туристік жоба «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қолдау алған.
- Қазір шет елдік туристер керемет қонақ үйлерде тоқтағылары келмейді. Олар біздің тұрмысымызға қызығушылық танытады, біздің табиғатымызға таң қалады. Шет елдіктерге қазақтың тағамдары өте ұнайды. Біз оларды халқымыздың болмысымен, мәдениетімен және дәстүрлерімен таныстыруға тырысамыз, - дейді қонақ үйдің қожайыны.
Ниет білдіргендер киіз үйге де жата алады. Қонақтарға арналған ас мәзірі толықтай экологиялық таза ұлттық тағамдардан құралған.
Ауыл кәсіпкері биылғы жылы «Nomadic Travel Kazakhstan» туристік компаниясымен келісімшартқа отырған.
- Бұл «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанының бір мысалы, - деп атап өтті Ерлан Қошанов. – Осындай кәсіпкерлікті дамытып, оған қажетті көмек көрсету керек.
Шабанбай би ауылынан 3 шақырым қашықтықта тау баурайында «Арай» демалыс лагері орналасқан. Қазіргі таңда ол қайта қалыпқа келтіруді қажет етеді. Облыс әкімі өзінің орынбасарлары мен басқарма басшыларына бұл мәселені қарастыруды тапсырды.
Жергілікті ақсақалдар болса аймақ басшысынан жолдарды жөндеп, Шабанбай және Қызыларай ауылдарына қатынайтын көлікті реттеулерін өтінді. Биылғы жылы Ақтоғай ауданында жалпы ұзындығы 396 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдар жөнделеді. Бұл бағытқа 77,9 млн теңге бөлінген.
Ал Қызыларай ауылына автобус рейсін өткізу мәселесін Ерлан Қошанов жолаушы тасымалдаушы мекемелердің басшыларымен шешуді тапсырды.