• 4299 барлығы
  • 23 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мәселелері Қарағанды облыстық әкімдігінде талқыланды

Бүгін облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиналыс барысында 4-ші қыркүйекте Парламент палаталарының біріккен отырысында айтылған Елбасының тапсырмалары талқыланды.
Бірінші мәселе қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру төңірегінде болды. Ерлан Қошанов бұл бағытта аймағымызда жемісті жұмыстар атқаралып жатқанын тілге тиек етті: облыста 275 шара жүзеге асырылуда. Жалпы сомасы 7 млрд теңгені құрайтын жобалар іске қосылған, оның ішінде 4 млрд теңге – жеке инвестициялар.
Әр бағыт бойынша аймақ басшысы нақты тапсырмалар берді.
- Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің алдымызға қойған міндеттердің бірі – осы жылдың соңына дейін аймақтағы жалпы ішкі өнім өсімін 2,1%-ға дейін жеткізу, - деді Ерлан Қошанов. – Біз облыс бойынша орындалатын шаралар жоспарын құрдық, барлық аймақтарда ол орындалуы тиіс. Асылбек Дүйсебаев, сізге бұл жағдайды бақылауға алуыңызды, ал желтоқсан айында келесі жылға арналған жоспар ұсынуыңызды тапсырамын. Басты назар мультипликативті нәтиже беретін бағыттарға аударылуы тиіс.
Келесі бағыт – ТКШ жаңғырту. Ел Президенті бұл саланы потенциалды инвесторлар үшін тартымды болатындай етуді, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік механизмдерін кеңірек қолдануды тапсырды. Бұл ретте облыс әкімі Еупопалық қайта құру және дамыту банкімен ынтымақтастық орнату мүмкіндігін талқылауды тапсырды.
Аграрлық-өнеркәсіп кешенін дамытуға да ерекше көңіл бөлінді.
- Басым бағыттарға ерекше көңіл бөліп, жаңа резервтерді іздеу керек, мен ол туралы барлық іс сапарларымда айтудан жалықпаймын, - деді Ерлан Қошанов. – Ол дегеніміз жерлерді игеру, егістік алқаптарына майлы дақылдар мен бұршақ секілді ең қажетті дәнді-дақылдарды егу. Мал шаруашылығында жем өндірісін үдету керек. Барлық аймақтарда мал басының азаюы байқалуда. Ауылшаруашылық кооперативтеріне ерекше назар аудару керек. Біздің көптеген аудандарымызда кооперативтер тек қағаз жүзінде ғана. Оған мен жұмыс сапарларымның барысында көз жеткіземін.
Жағдайды түзету үшін аймақ басшысы ауылшаруашылық кооперативтері қалай құрылып, сонан соң қаншалықты жұмыс істейтінін бақылауды тапсырды.
Сонымен қатар аппараттық жиналыста туризм мәселесі талқыланды. Ерлан Қошанов Балқаш, Приозерск қалаларында, Ұлытау және Қарқаралы аудандарында туристерді тарту үшін инфрақұрылымды дамыту жоспарын құруды тапсырды.
Жиналыс соңында Ерлан Қошанов Елбасының жаңғырту барлық күшті жұмылдыруды талап етеді, сондықтан жергілікті атқарушы органдар барынша ынтамен және бірлесіп жұмыс істеуі керек деген сөздерін еске салды.