• 4213 барлығы
  • 38 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Бейнелеу өнері мұражайында бас бостандығынан айырылғандар салған картиналардың көрмесі ашылды

 Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Үміт-2017» картиналар және қолданбалы өнер бұйымдарының республикалық байқауы өтті. Ортаға салынған жұмыстардың авторлары – бас бостандығынан айырылғандар. Көрмені ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі Комитеті ұйымдастырды.
- Бұл байқау 2000-шы жылдан бері екі жылда бір рет өткізіледі. Бүгін мұнда 43 картина мен 38 бұйым ұсынылып отыр, - деді Қарағанды облысы бойынша ҚАБ тәрбие бөлімінің бастығы, әділет майоры Еркебұлан Қарғалтаев.
Сотталғандар шығармашылық арқылы өз ойлары мен өмір туралы түсініктерін, қоршаған болмысқа деген қарым-қатынасты бейнелеген. Картиналардың тақырыптары әртүрлі, мұнда пейзаж, балалардың портреттері, темір тордың арғы жағындағы өмір, бостандыққа шыққаннан кейінгі тұрмыс бейнеленген.
Қазылар алқасының құрамына Қазақстан суретшілер Одағының мүшелері, адам құқығы және заңдылықты сақтау бойынша Қазақстан халықаралық бюросының Қарағанды облыстық филиалының директоры, «Мир добра» ҚҰ төрағасы және облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкері енді.
Қазылар мүшесі байқауға салынған дүниелердің авторларының шеберлік деңгейіне таң қалды: «Біз суретшілердің, сотталған суретшілердің кәсіби жұмыстары осыншалықты жоғары деңгейде болатынын елестетіп те көрмеппіз».
Байқауда бірінші орын бүркітпен аң аулау бейнеленген «Аманат» картинасына берілді. «Көктем қыз» және «Босаған соң өткенімді ұмытамын» картиналары екінші және үшінші орынды иеленді. Қолданбалы өнер бұйымдары арасында ЭКСПО-2017 көрмесінің макеті үздік деп табылды. Екінші орын «Жемчужина» кемесіне берілсе, үшінші орынды ағаштан ойып жасалған бетперде иеленді.
Еркебұлан Қарғалтаевтың айтуынша жеңімпаздарға марапат ретінде ақшалай сыйлық табыс етіледі. Қаражат аторлардың жеке шоттарына аударылады.
- Бұл шара бас бостандығынан айырылғандардың эстетикалық талғамын жақсартуға және қоршаған орта болмысына мейірімді қарауға баулиды. Сотталғандардың өз қолдарымен жасаған туындылады темір тордың арғы жағындағы өмірін ғана емес, одан тыс жерде қалған болмысты да суреттейді – табиғат сұлулығы, ошақ жылулығы, мейірім мен армандар, - деді көрменің ашылуында Қарағанды облысы бойынша ҚАБ департамент басшысының орынбасары, әділет подполковнигі Руслан Оразбаев.
Байқау аяқталған соң ең үздік картиналар мен бұйымдар мұражайдың қорында қалады, ал қалған жәдігерлер балалар үйлеріне және интернаттарға беріледі.
Көрме қазанның 29-на дейн жалғасады. Оны Бұқар Жырау даңғылы, 76 мекенжайы бойынша облыстық бейнелеу өнері мұражайынан тамашалауға болады.