• 4299 барлығы
  • 23 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Жезқазғанда театрлар фестивалі өтті

 Жезқазған қаласында Ж. Хаджиев атындағы Республикалық театрлар фестивалі өтті. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылып, С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының 45 жылдығына арналды.
Фестивальге Павлодар, Астана, Алматы, Арқалықтан театр ұжымдар жиналды. Сонымен қатар шараға Қарағанды облысының да бірнеше театрлары қатысты. Сегіз труппа екі күн аралығында көрермендерге спектакльдер ұсынды. Оның ішінде Жанат Хаджиевтің дайындаған қойылымдары да сахналанды. Актерлердің орындау шеберліктерін еліміздің атақты режиссерлері мен әртістері бағалады. Қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов болды.
Фестивальдің ашылу салтанатында қонақтар алдына облыс әкімі Ерлан Қошанов алғы сөзбен шықты.
- Мен Серке Қожамқұлов атындағы театр басшылығы осындай театрлар фестивалін өткізу дәстүрін қайта жандандырғанына қуаныштымын, - деді Ерлан Қошанов. – Бұл шараны жыл сайын өткізетіндей етуіміз керек деп ойлаймын жәнеде оның шекарасын кеңейту қажет. Оған тек қазақстандық театрлардың ұжымдарын жинап қана қоймай, шет елдік әртістерді де шақырған абзал. Себебі Асанәлі Әшімов айтқандай: «Актерлер ешқашан қартаймайды және өлмейді. Олар әрдайым көрермендердің жүрегінде қалады». Біз осы өнерге жастарды жақындастыруымыз керек.
Фестиваль «Ай тұтылған түн» спектаклімен ашылды. Бұл пьеса Ақжігіт пен Зүбаржат атты қос ғашықтың махаббат тарихын баяндайды.
Алғаш рет Жезқазған театры өз есігін 1972-ші жылы 24-ші жетлоқсанда ашқан болатын. Сол кезде көрермендер назарына М. Әуезовтың «Айман-Шолпан» туындысы ұсынылған болатын. 1981-ші жылы мекемеге театр өнерінің майталманы, Социалистік еңбек Ері Серке Қожамқұловтың есімі берілген болатын.
С. Қожамқұлов атындағы театр – республикамыздың бірнеше беделді театр фестивальдерінің жеңімпазы. Театрда 200-ден астам қойылымдар әзірленген. Өзінің 45 жылдық тарихында ұжым еліміздің көптеген облыстарында гастрольдерде болған, 5 мыңнан астам спектакльдер қойған. 2010-шы жылы «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде театрдың қас беті, шатыры, жертөлесі, фойесі мен жылыту және су беру жүйесі бюджеттік қаражат есебінен 56 миллион теңгеге жөнделген. Сонымен қатар 40 жылдық мерейтойы қарсаңында театрдың мұражайы да жөндеуден өткізілді.