• 4813 барлығы
  • 49 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

«Бизнес Леди Қазақстан» республикалық байқауының аймақтық кезеңі Қарағандыда өтеді

Қарағандыда «Бизнес Леди Қазақстан» республикалық байқауының аймақтық кезеңі өтеді. Оның мақсаты – әйелдер қауымын кәсіпкерлікке жұмылдыру және бизнеспен айналысатын нәзік жандыларға қолдау көрсету.
Осы секілді байқау Петропавлда өтті және Ақтөбеде басталды. Кезек бойынша келесі шаһарлар – Қарағанды және Шымкент.
- Аймақтық кезеңнің ақтық сайысына 15 қатысушы өтеді. Олармен екі апта көлемінде имиджмейкерлер мен сәнгерлер жұмыс істейтін болады. Себебі үздік бизнес леди тек табысты болып қана қоймай, әдемі және дарынды болуы тиіс қой, - дейді «Бизнес Леди Қазақстан» байқауының жетекшісі Сәуле Қайсар.
Байқаудың аймақтық кезеңінің ақтық сайысы 11-ші сәуірге белгіленіп отыр. Ол төрт бөлімнен құралады. Қатысушыларға өздері туралы бейне ролик түсіріп, онда өзінің өмірі туралы және бизнесі туралы айтып, көрсету керек болады. Сонан соң кезекте шығармашылық байқау, онда қыз-келіншектер өлең оқып, би билеп, ән айтып немесе өзге де өнерлерін көрсете алады. Үшінші кезеңде бизнес, спорт және мәдениет саласына қатысты сұрақтарға жауап беру керек болады. Қорытынды кезеңде байқауға қатысушылар олар үшін сәнгерлер арнайы таңдаған киімдермен сахнаға шығады.
Ал осы жылдың тамызында Бурабайда гала-байқау өтеді. Онда еліміздің ең үздік бизнес-ледиі атауына аймақтық кезеңдердің жеңімпаздары бақ таластыратын болады.
- Байқауға қатысу арқылы кәсіпкер әйелдер өздерінің жеке брендін танымал ету мүмкіндігіне ие болады. Еліміздің жұлдыздары мен алдыңғы қатарлы бизнесмендері біздің байқауға қызығушылықтарын танытып отыр. Қатысушылардың өз бизнесі туралы түсірген бейнероликтерін біз әлеуметтік желілерге орналастырамыз. Осылайша олар әлеуетті тұтынушылар мен серіктестерін таба алады, - дейді Сәуле Қайсар.
Байқауға қатысуға өтінімдерді кез-келген ниет білдіруші тапсыра алады. Жас мөлшеріне және қызмет түріне қатысты ешқандай шектеулер қойылмайды. Жалғыз ғана шарт – қатысушы әйелдің өз бизнесі болуы керек немесе ол бірінші жетекші болуы тиіс.
Байқауға қатысу үшін ақшалай жарна төлеу керек. Өтінімдерді келесі электрондық мекенжайға жіберуге болады: businessladyqz@gmail.com. Толығырақ ақпаратты мына телефон бойынша алыңыздар: 8 707 802 12 44.