• 4638 барлығы
  • 26 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Жаңа инженерлік желілер Жезқазған тұрғындарына жеке үй салу үшін жер алуға мүмкіндік береді

Жезқазғанда 127 шақырым инженерлік инфрақұрылым салынады. Ол жайлы қала әкімі Батырлан Ахметов Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

- «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында өткен жылы қаланың батыс бөлігінің инженерлік желісінің құрылысы аяқталған болатын. Бұл өз кезегінде жеке үй салуға арналған 670 жер телімін беруге және жер телімдеріне деген кезекті 28%-ға қысқартуға мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді Батырлан Ахметов.

Жоспарда тағы 127 шақырым инженерлік инфрақұрылымның құрылысы тұр. Бұл 1300-ден астам жер телімдерін коммуникациялармен қамтамасыз етеді жәнеде жер алуға кезекте тұрғындардың санын 35%-ға төмендетеді. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша жеке үйлердің құрылысына арналған тағы 500-ден астам жер телімдері беріледі деп жоспарланып отыр.

- Ол үшін біз жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, мемлекеттік сараптамаға өтінім бердік. Келесі жылдан бастап құрылыс басталады, - деп түсіндірді Жезқазған қаласының әкімі.

Жезқазғанда баспана алуға кезекте 2103 тұрғын тұр. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша қалада 5 тұрғын үй салу жоспарланған.

- «Аймақтарды дамыту-2020» үкіметтік бағдарламасы аясында 10 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілген. Оның негізгі бөлігі жеке үйлерге тиесілі. «Нұрлы Жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын орындау мақсатында бюджеттік қаражат есебінен жалдамалы дәне несиелік баспана құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жалпы ауданы 39000 м2 құрайтын 4 және 5 қабатты үйлер. Сонымен қатар жекеменшік құрылыс фирмаларының есебінен тағы үш тұрғын үй салынбақ, - деді Батырлан Ахметов.

Мұнымен қатар Жезқазғанда апаттық үйлерге қатысты мәселе өте өзекті болып отыр. Қарағанды облысында ондай үйлер саны 35, жәнеде оны 28-і Жезқазған қаласында орналасқан.

- Иә, бізде апаттық үйлердің саны көп, - деп келісті қала әкімі. – Қазір Жеңіс көшесі №11 үй бойынша шешім қабылданды. Онда ТЖ жарияланды, барлық қажетті процедуралардан соң комиссия құрылады. Бір айдың ішінде біз ондағы барлық тұрғындарды эвакуациялауымыз керек. Олардың барлығын жатақханаларға уақытша көшіреміз, сонан соң өтемақыға қатысты мәслелерді шеше бастаймыз. Басқа апаттық үйлерде тағы бір зерттеу жүргіземіз.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда аймақ әкімі Ерлан Қошанов облыстық Қоғамдық кеңес алдында сөз сөйлей келе, апаттық үйлер проблемасын көтерген болатын.

- …Үйлерді қосымша тексеру нәтижесі бойынша келесідей жайттар анықталуы тиіс: оларды бұзамыз ба, әлде қайта қалыпқа келтіреміз бе. 12 үй жөндеуден өткізілуі тиіс. Біз оларды ТКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша қалыпқа келтіреміз, - деп мәлімдеді аймақ басшысы