• 4724 барлығы
  • 27 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

«Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблі 25 жылдық мерейтойын атап өтті

«Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамбліне 25 жыл толды. Мерейтойлық концерт жұма, 11-ші мамырда Кеншілер мәдениет сарайында өтті.
Қазақ балалар би ансамблі 25 жыл бұрын Қарағанды қаласының №39 ОМ (қазіргі М. Жұмабаев атындағы №39 гимназия) негізінде құрылған болатын. Ширек ғасырда «Шолпан» кішігірім үйірмеден облысымыздың ең ірі ұжымдарының біріне айналды. Бүгінгі таңда ансамбль бүлдіршіндерден бастап студенттерге дейінгі түрлі жас аралығындағы 400-ден астам бишілердің басын біріктіреді. Бұл ұжым тек облысымызда және Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де танымал. Көркемөнер ұжымнан түлеп ұшқан тәлімгерлердің арасында еліміз бен шет елдік кәсіби ұжымдарда еңбек етіп жатқандар аз емес.
Ансамбльді мерейтойымен Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов құттықтады.
«Өзінің 25 жыл еңбек жолында «Шолпан» ансамблі қаншама дарынды тәрбиелеп шықты, бірқатар атаулы сыйлықтарды иеленді. Мен бұл тек шығармашылық жолдың бастауы екеніне сенімдімін, алда әлі де көптеген мерекелер, жарқын қойылымдар мен лайықты марапаттар күтіп тұр. Сіздердің ұжымдарыңыз Сарыарқа мәдениетінің дамуына үлкен үлесін қосты», - деп жазылған аймақ басшысының құттықтау хатында.
Облыс әкімі ансамбльге шығармашылығы мен қазақ ұлттық би өнерін алға жылжытып жатқандары үшін алғысын білдірді.
- Біз тек өз елімізде ғана емес, шет елде де танымалдыққа ие болғанымыз үшін бақыттымыз. Біздің қатысуымызсыз облыс пен Астана қаласында бірде бір мерекелік шара өтпейді. Біз Еуропа пен Азияның бірнеше елдерін аралып шықтық. Бізді өзіндік стиліміз, бидің әсемділігі үшін жақсы көреді, - дейді «Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі, ҚР Құрметті білім саласының қызметкері Гүлнәр Омарова. – Бізде ешқандай арнайы іріктеу жоқ. Меніңше, ең бастысы – баланың еңбекқорлығы мен билеуге деген құлшынысы. Нәтижесінде бидің кішкентай жұлдыздары өсіп шығады.
Мерейтойлық концерттің бағдарламасы ансамбльдің тарихын бейнеледі. 20 номір ұсынылды. Ең соңында сахнаға ұжымның барлық қатысушылары шыққан «Попурри» орындалды.
Мерейтой жылында «Шолпан» Грузияда өтетін халықаралық байқауға сапарға аттанады.
Үлгілі деген атақты «Шолпан» ансамблі 1998-ші жылы алды. Ансамбль 20-дан астам гран-при және облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдердің 30-дан астам бірінші сыйлықтарының иегері.