• 4724 барлығы
  • 27 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Қарағандыда І Халықаралық жыршы-жыраулар фестивалі өтті

11-12 мамырда Қарағанды облысында Бұқар Жыраудың 350 жылдығына арналған Халықаралық жыршылар фестивалі өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Қарақаплақстаннан орындаушылар жиналды.

- Бұқар жыраудың шығармашылығы – ол тек қазақ халқының мұрасы ғана емес, ол жалпы түрік мирасы. «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының атынан біз осында басқа елдерден қатысушыларды шақырдық, - деді өзінің алғы сөзінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев.

Шет елдік қатысушылар арасында Ресей Федерациясының Алтай Республикасының телеңгіт халқының өкілі, качы (жыршы), халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте лауреаты, «Оскус уул» эпосын орындаушы – Айдын Құрманов, ырчы, «Құрманбек» эпосын орындаушы, Қырғызстанның республикалық және халықаралық байқаулар жеңімпазы Айпери Кулбаева, Қарақалпақстаннан келген Бесқалы жыршылар мектебінің өкілі, «Асау-Барақ» эпосын орындаушы, танымал жыршы Наурызбектің шәкірті - Ринат Тәжібаев, Авирмед Балдандорж - жыршы, Моңғол Республикасының халық әртісі, «Наранхуу хаан» эпосын орындаушы.

Тыңдармандар сонымен қатар қазақстандық орындаушылар Алма Алматов, Бекболат Тілеухан, Ерболат Шалдыбеков, Баянғали Әлімжанов, Майра Сәрсенбаева, Дәуренбек Әркенов, Дидар Кәмиева және т.б. өнерін тамашалады.

11 мамырда фестивальге қатысушылар Ботақара кентіндегі Бұқар жырау ескерткішіне барып қайтты. Ал 15.00-де жергілікті мәдениет үйінде көрермендер назарына өз концерттік бағдарламаларын ұсынды.

12 мамырда К.С. Станиславский атындағы орыс драма театрында жыршылар фестивалі өтті. Қатысушылар Бұқар жырау Қалқаманұлының өмірі мен шығармашлығы туралы баяндайтын туындыларды орындады.

- Мен поэзиямен отыз жыл бойы айналысып келемін. Менің әкем мен атам да жыршы болған. Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын, мұндағы халық өте қонақжай екен. Бізді керемет қарсы алды, жәнеде мен өз шығармашылығыммен сіздермен бөлісе алғаныма өте қуаныштымын, - деді Моңғол Республикасының халық әртісі Авирмед Балдандорж.

- Ауыз екі өнері арқылы біз қазақ халқының мәдениетін дамытамыз. Мен үшін бұл фестивальге қатысу үлкен мәртебе. Осы секілді шаралардың басты мақсаты – жас ұрпаққа халық шығармашылығы туралы айтып жеткізу, - деп есептейді фестивальге қатысушы Ерболат Шалдыбеков.

Фестиваль шеңберінде сондай-ақ Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің және халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрбек Темірбековтың концерті өтті.
Фестивальдің ақтық сайысында барлық қатысушыларға ақшалай сертификаттар және алғыс хаттары табыс етілді.

Бұқар жырау Қалқаманұлы өзінің шығармашылығында өлең шумақтары арқылы жақсылық, шындықты насихаттап, табиғаттың сұлулығы мен қуатын, жәнеде оның туындыларын мадақтаған. Бұқар жыраудың негізгі поэзиялық тақырыптарының бірі Отанға деген махаббат, патриоттық сезім, еркіндікке күресте ерекшеленген батырлар болған. Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығы Сарыарқамен тығыз байланысты. Қарағанды облысында биылғы жылы ұлы ойшыл және ақынның 350 жылдығы атап өтіледі.