• 4813 барлығы
  • 49 бір айлық
  • 0 апта ішінде

Ақпарат орталығы

Газ келгенде Қарағанды облысындағы көмір өнеркәсібі дамуын тоқтатпайды

Қарағанды облысын газдандыру шахтерлер мен көмір өнеркәсібінің дамуына кедергі келтірмейді. Ол жайлы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Астанада Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі барысында мәлімдеді.
- Елбасының газдандыруға қатысты бастамасы біздің аймақ үшін өте маңызды. Бүгінгі таңда магистралдық газ құбырын салуға арналған жерлерді бөлуге қатысты барлық мәселелер толықтай шешілді. Біз облысымыздың тұрғындары газды Астанамен бірге алады деп жоспарлап отырмыз, сондықтан қазірдің өзінде тарату желілері жобалары құрылып жатыр, - деді аймақ басшысы.
Газ құбырының 1136 шақырымының 863-ы Қарағанды облысының аумағы бойынша өтеді. Газбен 100-ден астам елді мекен қамтылатын болады. Бір миллионға жуық адамның жағдайы жақсарады. Ал ол дегеніміз облыс тұрғындарының 70%-ын құрайды.
Облыс әкімінің мәліметінше, газ құбырының құрылысы потенциалды түрде 68 мың жеке сектор үйлері мен 200-ге жуық дербес қазандықтарды газбен жылыту жүйесіне ауыстырып, 700 шақты кәсіпорынды энергиямен қамтамасыз етеді.
- Газдың Қарағанды облысына келуі кеншілер мен көмір өнеркәсібінің дамуына әсерін тигізбейді. Біздің аймағымызда бүгінгі таңда республикалық көлемнің үштен бір бөлігінен астамы өндірілуде, оның ішінде коксталатын көмір 100%. Ал әлемдік металл нарығында сұраныстың өсуіне байланысты біз көмірге деген сұраныс та жоғарылайды деп күтудеміз, - деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Қарағанды облысы жылына 30 млн тоннадан астам көмір шығарады. Жыл сайынғы өсім 3 миллионнан 5 миллионға дейін жетеді. Оған қоса тұрғындарға арналған көмір үлесі небары 10% құрайды. Қалғанының барлығы металлургия саласына кетеді.
Облыс әкімінің айтуынша, қарағандылық көмір көрші елдерде үлкен танымалдылыққа ие. Сондықтан экспорттық мүмкіндіктер жоғары.
- Мен көмір өнеркәсібінің болашағына қатысты үрей туындамауы тиіс деп есептеймін. Облысымыздың алдыңғы қатарлы саласы әрі қарай да дамиды, - деді баяндамашы. – Газ құбырының құрылысы – ол тұтыну материалдары, дәлірек айтар болсақ, газ есептеуіштері, жәнеде олардың көбісін облысымыздың кәсіпорындары өндіруге дайын. Сонымен қатар, газбен қоса облысымыз жаңа жұмыс орындары секілді пайдаға қол жеткізеді. 1150 уақытша және 900 тұрақты жұмыс орындары құрылады. Ол үшін облысымыздың колледждерінде жаңа оқу жылында жаңа мамандықтар ашылады.