Қарағандыда
  • USD 383.43
  • EUR 432.47
  • RUB 6.12
Қала әкімдігінің ресми интернет ресурсы

Бөлімнің төлқұжаты

«Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі»
мемлекеттік мекемесінің
ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ережелер

1. «Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі (одан әрі – «Бөлім») қаланың атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне енеді және Қарағанды қаласы бойынша ішкі саясат саласындағы мемлекеттік саясат пен мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асырады. Қарағанды облысының әкімі құрылтайшысы болып табылады.
2. Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, осы ережені басшылыққа алады.
3. Бөлімнің мемлекеттік тілдегі атауы: «Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі; орыс тілінде: Государственное учреждение «Отдел внутренней политики города Караганды».
4. Бөлім өз қызметін Қарағанды қаласы әкімінің басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп береді және қала әкімінің ерекше қабылдауына жататын шешімдерді қабылдауға құқылы емес.
5. Бөлім заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңдарға сәйкес банкіде есеп шоты, дербес балансы бар.
6. Бөлім өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастар жасайды.
7. Бөлім өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша заңмен белгіленген тәртіпте бұйрықтар түрінде актілер шығарады, төменгі органдар мен ведомстволық ұйымдар үшін олардың міндетті күші болады.
8. Бөлім құрылымының және қызметшілерінің шекті штат санын қала әкімі бекітеді.
9. Бөлім жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.
10. Бөлімнің заңды мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, Бұқар жырау даңғылы, 16.

2. Бөлім қызметінің мақсаттары мен түрлері

 Бөлімнің негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:
1) қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік егемендікті нығайту, қоғамдық процестерді демократияландыру мен қоғамды біріктіру жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және жүзеге асыруға қатысу;
2) қаланың мемлекеттік органдары мен лауазымды тұлғаларының мемлекеттің ішкі саясатын, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыс, қала әкімдерінің, облыстық және қалалық әкімдіктердің, Бөлімнің құзыретіне жататын мәселелер бойынша актілері мен тапсырмаларын жүзеге асыру барысын орындауына бақылау жасау;
3) қоғамның демократиялық институттарын нығайтуға қатысу, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясының негізгі басымдықтарын түсіндіру мен насихаттау;
4) мемлекеттік ішкі саясатты, Қазақстан Республикасының ішкі саясат, қоғамдық-саяси сала мәселелері жөніндегі заңнамасын насихаттау мен түсіндіру бойынша бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру;
5) ішкі саясат саласындағы тұғырнамалық негіздер мен машықтық ұсынымдарды, азаматтық бірдейлікті, Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын қалыптастыру негізінде қоғамды біріктіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;
6) қалада болып жатқан қоғамдық-саяси процестер мен олардың даму үрдістерін жан-жақты және объективті зерделеу, жинақтау және талдау;
7) мемлекеттік ақпараттық саясатты қала деңгейінде жүзеге асыру, оны жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орындау жолындағы қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін үйлестіру;
8) қаладағы қоғамдық-саяси ахуалды болжауға бағытталған әлеуметтанушылық және саясаттанушылық зерттеулерді жүргізу;
9) қала аумағындағы қоғамдық бірлестіктермен, саяси партиялармен, қоғамдық-саяси және діни ұйымдармен, кәсіптік одақтармен, БАҚ-мен, жұртшылық өкілдерімен өзара әрекет жасау;
10)  әскери қызметке шақыру және әскери тіркелуге іс-шаралар ұйымдастыру.

Бөлімнің негізгі қызметі мыналар болып табылады:

1) ішкі саяси процестерді мемлекеттік реттеуге қатысу, жергілікті мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы қызметін үйлестіру, қаладағы қоғамдық-саяси ахуалдың, саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктер қызметінің мониторингін, талдауын және болжауын ұйымдастыру, ұсынымдарды әзірлеу және ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, қоғамды біріктіру, қазақстандық патриотизмді насихаттау және тәрбиелеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
2) ішкі саясат саласындағы Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі тапсырмаларының, облыс және қала әкімдері шешімдерінің, өкімдері мен тапсырмаларының, облыстық және қалалық әкімдіктердің қаулыларының орындалуына бақылау жасауды қамтамасыз ету;
3) тұғырнамалық құжаттарды әзірлеуге қатысу, Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қала әкімі өкімдерінің жобаларын дайындау және сараптау;
4) қала туралы, билік органдарының қоғамдық-саяси және экономикалық саладағы қызметі туралы ақпаратты тарату жүйесін жетілдіру жөніндегі қалалық әкімдік жұмысына қатысу;
5) қала әкімінің бөлімшелерімен ұйымдық байланысты қамтамасыз ету;
6) қала әкімін ішкі саясат саласында ақпараттық-талдамамен қамтамасыз ету;
7) қалалық қоғамдық-саяси, мәдени шараларды өткізуді саяси қамтамасыз ету;
8) қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттің ішкі саясат мәселелері жөніндегі қызметін және ақпараттық-насихат топтарының жұмысын үйлестіру және оған бақылау жасау;
9) қаланың ішкі саясат өмірінің аса маңызды мәселелері бойынша қалалық әкімдік отырыстарына материалдар дайындауға қатысу;
10) ішкі саясат саласындағы, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты белгілейтін тұғырнамаларды, бағдарламаларды әзірлеуге және жүзеге асыруға; Қазақстан Республикасында адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге және сақтауға қатысу;
11) ішкі саясат саласына жататын ақпараттық (компьютерлік, мәтіндік) деректер базасын қалыптастыру, жинақтау, жинақтап қорыту және топтастыру жөніндегі жұмысты жүзеге асыру;
12) саяси партиялармен, ұлттық-мәдени орталықтармен, құқық қорғау, діни және өзге де қоғамдық бірлестіктермен байланыстарды жүзеге асыру;
13) ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға және аймақтағы саяси процестерді демократияландыруға бағытталған облыстық және қалалық ғылыми-машықтық шараларды дайындауға және өткізуге қатысу;
14) бөлім құзыретіне кіретін ұйымдық-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмысын қала әкімінің басқа бөлімшелерімен бірлесе орындау;
15) ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкес мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру;
16) әскери қызметке шақыру және әскери тіркелуге іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;
17) Қазақстан Республикасы қарастырған заңнамалармен басқа міндеттерді іске асыру;
Бөлім
-   саяси партиялармен, діни бірлестіктермен
-   үкіметтік емес ұйымдармен, ұлттық-мәдени орталықтармен
-   жастар ұйымдарымен
-   ақпараттық-насихаттау топтарымен жұмыс істейді

3.Бөлімнің құқығы

Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мына құқықтарға ие:
1) мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдар мен азаматтардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпаратты сұрауға, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметшілерін Бөлім құзіретіне жататын мәселелерді дайындауға қатысуға тартуға, тиісті ұсыныстарды әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құруға;
2) мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде әкімге ұсыныстар енгізуге, Бөлімнің жүргізуіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-талдамалы және өзге де материалдарды дайындауды жүзеге асыруға;
3) тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға Бөлім қызметінің аясына жататын тапсырмалар беруге, олардың орындалуын бақылауға, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар жүргізетін шараларға қатысуға;
4) жастар саясатын және ақпараттық саясатты аймақтық деңгейде жүргізуге мемлекеттік тапсырысты т.б. жүзеге асыру жөніндегі аймақтық бағдарламаларды қаржыландыруды іске асыруға;
5) ішкі саясат мәселелеріне жетекшілік ететін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына ұйымдық-әдістемелік, ақпараттық және өзге де көмек көрсетуге, адам құқықтарын және Бөлім құзіретіне кіретін өзге де мәселелерді сақтауға.

4.Бөлім мүлкі

14. Бөлім мүлкі мемлекет меншігі болып табылады және оны оперативті басқаруға құқығы бар.
Бөлім мүлкі негізгі қорлар мен айналым қаржыларынан, сондай-ақ құны Бөлім балансында көрсетілген өзге де мүліктен тұрады.
15. Бөлімге бекітілген меншік коммуналдық меншікке жатады.
16. Бөлімнің бекітілген мүлікті өз бетімен иесіздендіруге немесе өзге де тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.
Бөлімге заңнамамен белгіленген шегінде және жағдайда мүлікке иелік ету құқығы берілуі мүмкін.

5.Бөлім қызметін ұйымдастыру

17. Бөлімді қала әкімі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын меңгеруші басқарады.
18. Меңгеруші Бөлім жұмысын ұйымдастырады және басшылық жасайды, Бөлімге жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін жауапкершілік алады, жауапкершілік деңгейін және Бөлім қызметінің жекелеген бағыттарына басшылық жасауды анықтайды.
19. Осы мақсаттарда Бөлім меңгерушісі:
1) Бөлімнің құрылымдық бөлімшелерінің міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;
2) өз құзыреті шегінде Бөлімнің барлық бөлімшелерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді;
3) бекітілген құрылым, сан және шығындар сметасы шегінде Бөлімнің штаттық кестесін бекітеді;
4) Бөлімнің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;
5) заңнамаға сәйкес Бөлімнің қызметкерлерін штаттық кестеге сай қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) заңнамамен белгіленген тәртіппен Бөлім қызметкерлеріне тәртіптік жазалар белгілейді;
7) белгіленген тәртіппен Бөлімнің құзыретіне енетін мәселелер бойынша қаулылар мен өкімдердің жобаларын қала әкімінің, қалалық әкімдіктің қарауына енгізеді;
8) құжаттардың орындалуына бақылау ұйымдастырады және жүзеге асырады, олардың сақталуына жауапкершілікте болады;
9) банк мекемелерінде есеп шот және басқа да шоттар ашады;
10) стратегиялық және ағымдағы жоспарларды бекітеді;
11) заңнамамен белгіленген тәртіппен Бөлім қызметкерлерін көтермелеуді жүзеге асырады;
12) өз құзыреті шегінде, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Бөлімнің мүддесін білдіреді;
13) өз құзыретіне жататын өзге де мәселелер бойынша шешім қабылдайды.
20. Бөлімде қабылданатын бұйрықтарға меңгеруші қол қояды.
21. Бөлімнің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша бұйрықтары барлық мемлекеттік органдар, мекемелер, заңды тұлғалар мен азаматтар үшін міндетті болып табылады.
22. Меңгерушінің болмауы кезінде оны Бөлім қызметін үйлестіретін және меңгеруші жүктеген өзге де міндеттерді орындайтын бөлімдердің бірінің меңгерушісі ауыстырады.

6. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату

23. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

«Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімі» ММ штат саны – 10 адам.

«Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімі» ММ бастығы Әлиасқаров Нұрлан Меирханұлы
Бас маман – Есентаева Арнагүл Нурланқызы
Бас маман  – Рахимова Фарида Саятқызы
Бас маман – Оразбекова Саяжан Тулегенқызы
Бас маман – Гливинская Ирина Леонидовна
Іс жүргізуші – Тұрмағанбетова Эльмира Темірбекқызы
Аудармашы – Түсіпбекова Нұрлыгүл Апрельқызы
Маман – Раханов Мейралан Ақылбекұлы
Әлеуметтік сала маманы – Бейсебеков Азамат Даулетұлы
Экономист – бухгалтер – Рымбекова Ботагөз Алпысбаиқызы


Дата редактирования: 28 Декабря 2015 14:35